Шрифт өлшемі:
A A A
Сайт түстері:
A A A
Әдеттегі болжам
Шрифт көлемі: A A A
Сайт түстері: A A A

Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі

"Қазақстан – біртұтас жер, біртұтас халық, біртұтас болашақ. Мен барша қазақстандықтарды ұлтаралық және конфессияаралық келісімді одан әрі нығайтуға шақырамын. Олар біздің мәңгілік құндылықтарымыз. Осынау бұлжымас ақиқатты сақтай отырып қана, біз мәңгілік халық, мәңгілік елорда және мәңгілік мемлекет туралы айта аламыз."
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Жолдауы

ҚР Президентінің Жолдауы

14 желтоқсан 2012

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2012 жылғы 14 желтоқсан.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2012 жылғы 14 желтоқсан.

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ – ЕЛБАСЫ

 Н.Ә. НАЗАРБАЕВТЫҢ

ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА

ЖОЛДАУЫ

«Қазақстан-2050» Стратегиясы

қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты

Мазмұны

І. Қалыптасқан Қазақстан мемлекеттілігіміздің, ұлттық экономикамыздың, азаматтық қоғамымыздың, қоғамдық келісіміміздің, өңірлік көшбасшылығымыз бен халықаралық беделіміздің дағдарыста сыналуы

1. Қуатты да табысты мемлекет

2. Демократияландыру мен ырықтандырудың орнықты процесі

3. Түрлі әлеуметтік, этностық және діни топтардың келісімі мен  татулығы

4. Ұлттық экономика. Халықаралық еңбек бөлінісіндегі біздің рөліміз

5. Қоғамдық тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз ететін күшті әлеуметтік саясат

6. Әлемдік қоғамдастық таныған ел

7. Ядролық қаруды таратпау режімін ілгерілетудегі біздің белсенді рөліміз

8. Қазақстан-2030 стратегиясы. Негізгі қорытындылар

ІІ. ХХІ ғасырдың жаһандық он сын-қатері

1. Бірінші сын-қатер – тарихи уақыттың жеделдеуі

2. Екінші сын-қатер – жаһандық демографиялық теңгерімсіздік

3. Үшінші сын-қатер – жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатер

4. Төртінші сын-қатер – судың тым тапшылығы

5. Бесінші сын-қатер – жаһандық энергетикалық қауіпсіздік

6.Алтыншы сын-қатер – табиғи ресурстардың сарқылуы

7. Жетінші сын-қатер – Үшінші индустриялық революция

8. Сегізінші сын-қатер – үдей түскен әлеуметтік тұрақсыздық

9. Тоғызыншы сын-қатер – өркениетіміз  құндылықтарының дағдарысы

10. Оныншы сын-қатер – жаңа әлемдік тұрақсыздық қаупі

ІІІ. "Қазақстан-2050"  Стратегиясы – жедел өзгермелі тарихи жағдайлардағы жаңа Қазақстанның жаңа саяси бағыты

1. Міндеттердің жаңа парадигмасы

2. Қайда бет алдық? Жаңа саяси бағыттың мақсаттары

1. Жаңа бағыттың экономикалық саясаты – пайда алу, инвестициялар мен бәсекеге қабілеттіліктен қайтарым алу принципіне негізделген түгел қамтитын экономикалық прагматизм

1. Түгел қамтитын экономикалық прагматизм

2. Жаңа кадр саясаты

3. Макроэкономикалық саясатты жаңғырту

3.1. Бюджет саясаты

3.2.  Салық саясаты

3.3. Ақша-кредит саясаты

3.4. Мемлекеттік және сыртқы қарызды басқару саясаты

4. Инфрақұрылымды дамыту

5. Мемлекеттік активтерді  басқару жүйесін жаңғырту

6. Табиғи ресурстарды басқарудың жаңа жүйесі

7. Индустрияландырудың келесі кезеңінің жоспары

8. Ауыл шаруашылығын жаңғырту

8.1.  Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуде және саудада қожалықтар мен шағын және орта бизнесті дамыту

9. Су ресурстарына қатысты саясат

2. Ұлттық экономикамыздың  жетекші күші – кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау

1. Шағын және орта бизнесті дамыту

2. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестігінің жаңа үлгісі  –

«Қуатты бизнес – Қуатты мемлекет»

3. Жекешелендірудің жаңа кезеңі – мемлекет рөлінің өзгеруі

3. Әлеуметтік саясаттың жаңа принциптері – әлеуметтік кепілдіктер мен  жеке жауапкершілік

1. Әлеуметтік саясаттың жаңа принциптері

1.1. Ең төменгі әлеуметтік стандарт

1.2. Атаулы әлеуметтік қолдау

1.3. Өңірлердегі әлеуметтік теңгерімсіздіктер проблемасын шешу

1.4. Жұмыспен қамту және еңбек саясатын жаңғырту

2.  Ананы қорғау. Әйелдерге қамқорлық

3. Баланы қорғау

4. Ұлт денсаулығы табысты болашағымыздың негізі

4.1. Денсаулық сақтау саласындағы негізгі басымдықтар

4.2. Балалар денсаулығын қамтамасыз етудің жаңа тәсілдері

4.3. Медициналық білім беру жүйесін жақсарту

4.4. Ауылда медициналық қызмет көрсетудің сапасы

4.5. Дене шынықтыру мен спортты дамыту

4. Білім мен кәсіби машық – заманауи білім беру, кадрларды даярлау мен қайта даярлау жүйесінің  негізгі бағдарлары

1. Білім беру саласындағы жұмыстың  басымдықтары

1.1. «Балапан» бағдарламасын 2020 жылға дейін ұзарту

1.2. Инженерлік білім беру жүйесін дамыту

1.3. Білім беру саласындағы әлеуметтік жауапкершілік жүйесін дамыту 

1.4. Білім беру  әдістемелерін жаңғырту

2. Инновациялық зерттеулерді дамытудың жаңа саясаты

2.1. Технологиялар трансферті

2.2. Ғылым мен бизнестің кооперациясы

2.3. Перспективалы ұлттық кластерлерді қалыптастыратын жол картасы

3.Жастарға үндеу

5. Мемлекеттілікті одан әрі нығайту және қазақстандық демократияны дамыту

1. Мемлекетті басқарудың жаңа типі

1.1. Мемлекеттік жоспарлау мен болжау жүйесін жетілдіру

2. Басқаруды орталықсыздандыру

2.1. Орталық пен өңірлер арасындағы жауапкершілік пен өкілеттіктердің ара-жігін ажырату

2.2. Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы

2.3. Ауыл әкімдерін сайлау

3. Кәсіби  мемлекеттік аппарат қалыптастыру

З.1. Әкімшілік реформаның екінші кезеңі

4. Бизнес қауымдастық пен мемлекеттік аппараттың өзара іс-қимылының жаңа жүйесі

5.Тәртіпсіздікке мүлде төзбеушілік принципін енгізу

6. Жемқорлыққа қарсы күрес

7. Құқық қорғау органдары мен арнаулы қызметтерді реформалау

6. Дәйекті де болжамды сыртқы саясат – ұлттық мүдделерді ілгерілету мен өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайту

1. Сыртқы саясатты жаңғырту басымдықтары

2. Экономикалық және сауда дипломатиясын дамыту

3.Өңірлік қауіпсіздікті нығайту

4.Жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға үлес қосу

5. Ұлттық қорғаныс қабілеттілігі мен әскери  доктринаны нығайту

7. Жаңа қазақстандық патриотизм – біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыз табысының негізі

1. Жаңа қазақстандық патриотизм

2.  Барлық этностар азаматтарының тең құқықтылығы

3. Қазақ тілі және тілдердің үштұғырлылығы

4. Мәдениет, дәстүрлер және даралық

5. Ұлттық интеллигенциясының рөлі

6. ХХІ  ғасырдағы Қазақстандағы дін

7. Болашақтағы Қазақстанды қалай елестетемін?

8. Ұлтқа үндеу

Қадірлі қазақстандықтар!

Қымбатты отандастар!

Біз бүгін Тәуелсіздік күні қарсаңында жиналып отырмыз.

Міне, біз 20 жыл бойы осы ұлы мерекені мақтанышпен атап өтіп келеміз.

1991 жылғы 16 желтоқсанда біз – Қазақстан халқы – егемендікті, бостандықты, әлемге ашықтықты таңдадық. Бүгінгі күні осы құндылықтар біздің күнделікті өміріміздің бөлшегіне айналды.

Сол кездері, сапарымыздың басында бәрі басқаша болды. Енді біздің ортақ күш-жігер жұмсауымыздың арқасында ел танымастай болып өзгерді.

Біз бүгін – өзіндік бет-бейнесі бар, өзіндік ерекшеліктері мен өзіндік ұстанымы бар табысты мемлекетпіз.

Біздің алғы шепті алуымыз қымбатқа түсті.

Ел 20 жыл бойы егемендігіміз бен саяси салмағымызды нығайтуға жұмыс істеді. 20 жыл өткен соң бұл мақсатқа қол жетті. Қалыптасу кезеңі табысты аяқталды.

Қазақстан ХХІ ғасырдың басында тәуелсіз әрі өзіне сенімді болып отыр.

Жаһандық дағдарыстың жалғасуының әсерінен әлемде болып жатқан өзгерістер бізді үрейлендірмейді. Біз оларға дайынбыз. Біздің ендігі міндетіміз егемендік жылдары қол жеткізгеннің барлығын сақтай отырып, ХХІ ғасырда орнықты дамуды жалғастыру.

Біздің басты мақсатымыз – 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру.

Мықты мемлекет экономикалық жедел өсу жағдайын қамтамасыз ету үшін аса маңызды болмақ.

Мықты мемлекет күнкөріс саясатымен емес, жоспарлау саясатымен, ұзақмерзімді дамумен және экономикалық өсумен  айналысады.

Дәл осы себептен де Тәуелсіздік күні қарсаңында, қымбатты менің отандастарым, мен сіздерге жаңа Жолдау  ұсынып отырмын.

Бұл – еліміздің даму перспективаларына жасаған өзіндік пайымдауым.

Бұл – жаңа саяси бағыт.

І. ҚАЛЫПТАСҚАН ҚАЗАҚСТАН – мемлекеттілігіміздің, ұлттық экономикамыздың, азаматтық қоғамымыздың,  

қоғамдық келісіміміздің, өңірлік көшбасшылығымыз Бен халықаралық беделіміздің дағдарыста сыналуы

Дәл 15 жыл бұрын біз Қазақстан дамуының 2030 жылға дейінгі  стратегиясын қабылдадық.

Бұл 1997 жыл – кеңестік кезеңнен кейінгі бей-берекеттік түбегейлі еңсерілмеген, дағдарыс Оңтүстік-Шығыс Азияны және басқа да кейбір нарықтарды сансыратқан кезең болатын. Бізге де аса қиын соқты.

Осы жылдар ішінде біздің Стратегиямыз  басты мақсатымыздан ауытқымай, шамшырақ сияқты біздің жолымызға сәуле шашып, алға басуға жігерлендірді.

1997 жыл естеріңізде ме?

Парламентте мен сөз сөйлегеннен кейін абдырау мен абыржу болды.

Көпшілік: «Бұл не – насихат па? Әлде аспаннан түскен нәрсе ме?»  деп сауал қойып жатты.

Сол кезде алға қойған міндеттер соншалықты асқақ болып көрінетін.

Дегенмен «көз қорқақ, қол батыр» дейді ғой.

Біздің алдымызда оқиғалар барысына өзгеріс енгізу сияқты ауқымды міндет тұрды. Жаңа елдің іргесін қалау керек болды.

Ол міндетті шешу үшін  біз үш бірдей жаңғырту жүргізуге тиіс едік: мемлекеттің іргесін қалау мен нарықтық экономикада серпіліс жасау, әлеуметтік мемлекеттің негіздерін қалау, қоғамдық сананы қайта өзгерту. Біз өзіндік  жолымызды айқындауға тиіс едік. Бұл жол "Қазақстан-2030" Стратегиясында белгіленген болатын. Бұл құжат стратегиялық мақсаттар мен міндеттерді пайымдаған,   көзқарасымыздағы  маңызды серпіліс болды.

Халық нақылында айтылғандай: «Мақсат – жетістіктің желкені». Орынды мақсаттар ғана табысқа жеткізеді.

Бүгін дұрыс таңдау жасағанымыз туралы айту мен үшін үлкен абырой. 2008-2009 жылдардағы жаһандық дағдарыс осыны айғақтады.

Қазақстан оған төтеп берді. Дағдарыс жетістіктерімізді сетінете алған жоқ, бізді қуатты ете түсті.

Біз таңдаған ел дамуының саяси, әлеуметтік-экономикалық және сыртқы саяси үлгісі өз тиімділігін дәлелдеді.

1. Қуатты да табысты мемлекет

Біздің басты жетістігіміз – тәуелсіз Қазақстанды құрғанымыз.

Біз шекарамызды заңдық тұрғыдан ресімдедік. Елдің тұтастандырылған экономикалық кеңістігін құрдық. Елде өндірістік байланыстарды қайтадан орнықтырып, нығайттық. Бүгінде барлық өңірлер бір-бірімен ажырағысыз байланыста жұмыс істейді.

Билік тармақтарының бөлінуіне негізделген заманауи мемлекеттік басқару жүйесін жасаған тарихи маңызды конституциялық және саяси реформалар жүргіздік.

Елдің жаңа елордасы – Астананы салдық. Бұл заманауи қала біздің бойтұмарымыз бен мақтанышымызға айналды. Біз еліміздің мүмкіндігін әлемге көрсету үшін оның әлеуетін пайдалана алдық. Дәл сол себептен де халықаралық қауымдастық  Қазақстанды ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесін өткізу орны ретінде таңдады. Егер Астана болмаса, бұл да болмас еді. Мұндай құрмет кез келгеннің еншісіне тие бермейді. Біздің еліміз  кеңестен кейінгі кезеңдегі күллі кеңістікте  ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен, осы Ұйымның Саммитін өткізген және ғаламдық ауқымдағы іс-шара – ЭКСПО-2017-ні өзінде өткізетін бірінші ел екенін  айтсақ та жеткілікті.

2. Демократияландыру мен ырықтандырудың орнықты процесі

Біз «Алдымен экономика – cодан соң саясат» деген айқын формуламен ілгерілеп келеміз. Саяси реформалардың әрбір кезеңі  экономика дамуының деңгейімен ұштасады. Сондықтан да біз саяси ырықтандыру жолын дәйекті ұстанудамыз. Осылайша ғана елді жаңғыртып, оны бәсекеге қабілетті етуге болады.

Қоғам әрбір қадам басқан сайын демократияландыру мен адам құқықтары саласындағы ең жоғары стандарттарға жақындап келеді.

Біз ел Конституциясында негізгі құқықтар мен бостандықтарды бекіттік. Бүгінгі күні Қазақстанның барлық азаматтары тең құқықтар мен мүмкіндіктерге ие.

3. Түрлі әлеуметтік, этникалық және діни топтардың келісімі мен  татулығы

Біз қазақ халқына, біздің мәдениетіміз бен тілімізге қатысты тарихи әділдікті қалпына келтірдік.

Этникалық, мәдени және діни әралуандыққа қарамастан, елімізде бейбітшілік пен саяси тұрақтылықты сақтадық.

Қазақстан  140 этнос пен 17 конфессияның өкілдері үшін туған шаңырағына айналды.

Азаматтық татулық  пен ұлтаралық келісім – біздің басты құндылығымыз. Көпұлтты еліміздегі татулық пен келісім, мәдениеттер мен діндердің үндесуі әлемдік эталон ретінде танылған.

Қазақстан халқы Ассамблеясы мәдениеттер үндесуінің  бірегей еуразиялық үлгісі болды.

Қазақстан жаһандық конфессияаралық үнқатысу  орталығына айналды.

4. Ұлттық экономика. Халықаралық еңбек бөлінісіндегі біздің роліміз

Біз Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында бірінші болып жеке меншікке, еркін бәсекелестікке және ашықтық принциптеріне негізделген нарықтық экономиканың заманауи үлгісін жасадық. Біздің моделіміз шетелдік инвестицияларды тартудағы мемлекеттің  белсенді рөліне негізделген.

Біз елімізге 160 млрд. доллардан астам шетел инвестициясын тарттық.

Кәсіпкерлік қызмет үшін негізгі талаптар мен заманауи салық жүйесі қалыптасты.

Біз ұлттық экономиканы жоспарлы түрде  әртараптандырудамыз. Үдемелі индустрияландыру бағдарламасында екі бесжылдықта экономикамыздың бет-бейнеcін өзгертіп, оны шикізаттың әлемдік бағаларының ауытқуына тәуелсіз ету  міндетін қойдым.

Стратегия-2030 қабылданғаннан бері 15 жыл ішінде мемлекетіміз әлемдегі ең серпінді дамушы елдер бестігіне енді.

Нәтижесінде, 2012 жылдың қорытындысы бойынша ІЖӨ-нің көлемі жағынан біз әлемнің 50 ірі экономикасының қатарына кіреміз.

Әлемнің барлық елдері өз дамуын салыстыратын мойындалған рейтингтер бар. Осыдан алты жыл бұрын мен алдымызға әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына кіру жөнінде жалпыұлттық міндетін қойдым. Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингінде 51-орынды иеленді. Біз бүгін осы мақсатымызға таяқ тастам ғана қалдық.

5. Қоғамдық тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз еткен күшті әлеуметтік саясат

Мен үшін әрқашан халықтың тұрмыс деңгейі басты өлшем болды әрі солай бола бермек.

15  жыл ішінде қазақстандықтардың табысы 16 есе өсті.

Табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтардың саны 7 есе азайды, жұмыссыздар саны екі есе қысқарды.

Біз әлеуметтік бағдарланған қоғамның негіздерін қаладық.

Біз ұлт денсаулығын жақсарту ісінде едәуір ілгерілеуге қол жеткіздік.

Денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру үшін оны ұйымдастыру, басқару мен қаржыландыру жүйесі  реформаланды.

Соңғы бес жылда  ана өлімі  шамамен 3 есе азайды,  бала туу көрсеткіші бір жарым есе өсті.

Білім алуға  тең мүмкіндіктер жасалуда.

Соңғы 15 жылда білім алуға жұмсалатын қаржы 9,5 есе өсті.

Білім берудің мектепке дейінгіден бастап жоғары білімге дейінгі барлық деңгейлерін түбегейлі жаңғыртуға бағытталған Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы іске асырылуда.

Біздің адам капиталын дамытудағы ұзақмерзімді салымдар саясатымыздың арқасында қазіргі талантты жас ұрпақты өсірдік.

6. Әлемдік қауымдастық таныған ел

Әлемдік саясатта біздің еліміз  - талассыз халықаралық беделге ие жауапты да сенімді серіктес.

Біз жаһандық қауіпсіздікті нығайту ісінде маңызды роль атқарамыз, халықаралық терроризмге, экстремизмге және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресте әлемдік қауымдастықты қолдаймыз.

Біз өз қауіпсіздігіміз үшін халықаралық үнқатысу алаңы -  Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін шақыруға бастамашылық жасадық. Бүгінгі күні АӨСШК халқы 3 млрд-тан асатын 24 елді біріктіреді.

Соңғы 2-3 жылда Қазақстан Республикасы Еуропадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық Ұйымына, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына және Ұжымдық Қауіпсіздік Ұйымына төрағалық етті.

Астана экономикалық форумында біз диалогтың жаңа форматын – G-global-ды ұсындық. Бұл бастаманың мәні – әділетті де қауіпсіз әлемсипатын жасау ісінде күш-жігерді біріктіру.

Біз жаһандық энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге лайықты үлес қосамыз.

7. Ядролық қаруды таратпау режімін ілгерілетудегі  біздің белсенді роліміз

Ядролық қаруды таратпау режімін нығайту жөніндегі бастамаларымыз – әлемдік тұрақтылыққа, тәртіп пен қауіпсіздікке қосқан сөзсіз үлесіміз.

Әлемде алғашқы болып Семей ядролық полигонын жауып және атом қаруынан бас тарта отырып, біз жетекші ядролық державалардан – АҚШ-тан, Ресейден, Ұлыбританиядан, Франциядан және Қытайдан қауіпсіздігімізге берік халықаралық кепілдік алдық.

Біз Орталық Азияда  ядролық қарусыз аймақ құруда негізгі рөл атқардық және жер шарының басқа да аймақтарында, әсіресе, Таяу Шығыста  осындай аймақтар құруға белсенді қолдау көрсетеміз.

Біз  әлемдік қауымдастықтың ядролық терроризм қатеріне қарсы тұрудағы күш-жігеріне қолдау жасаймыз.

Қазір біз ядролық қатерді таратпау жөнінде одан әрі табанды шешімдер қабылдау қажеттілігі туралы батыл айтамыз. Ядролық қаруды таратпау туралы шарт  таратпау режімінің  арқауы болды және солай бола бермек.

Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың  тезірек күшіне енуі таратпау режімін нығайтудың маңызды қозғаушысы  болуға тиіс.

Бұдан үш жыл бұрын БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы   29 тамызды  Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялау туралы  ұсынысымды қолдады.

Осының барлығы -  жаһандық саясаттағы біздің рөлімізді тану.

Осындай жауапты саясатының арқасында Қазақстан ядролық қаруды таратпау режімінің көшбасшысы, басқа мемлекеттер үшін үлгі  болып танылды.

8. "Қазақстан-2030" Стратегиясы. Негізгі қорытындылар

«Қазақстан 2030» Стратегиясында біз еліміздің табысын  жоспарладық

Біз алға қойған мақсаттарға дәйекті де табанды түрде қадам басып келеміз. 2008-2009 жылдардағы жаһандық дағдарыстың өзінде ұлттық экономикамыз өсуін жалғастырды.

Бүгінгі күні мен үшін 2030 Стратегиясының  мерзімінен бұрын орындауға қол жеткен параметрлерінің тұтас бір қатарын іске асырудың қорытындыларын шығару үлкен абырой.

(1) ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК. Біздің алдымызда Қазақстанның тұтастығын сақтай отырып дамыту міндеті тұрды. Біз жоспарлағаннан да асыра орындадық.

Тұңғыш рет тарихта біздің  мемлекет  халықаралық дәрежеде танылған нақты шекарасын белгіледі. 14 мың шақырым мемлекеттік шекара межеленді.

Қазақстан  Каспий теңізінің айдынындағы  ахуалды сенімді бақылауда ұстайды.

Болашақта  кез келген аумақтық  даулардың туындау қаупі қазір сейілген. Біз ұрпақтарымызға  көршілермен  даулы аумақтар қалдырған жоқпыз.

Біз  адамның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін күшті, заманауи, қорғанысқа қабілетті әскерді, пәрменді құқық қорғау жүйесін құрдық.

(2) Біз 140 этнос пен  17 конфессияның өкілдері тұратын елде ІШКІ САЯСИ ТҰРАҚТЫЛЫҚ ПЕН ҰЛТТЫҚ БІРЛІКТІ сақтап, нығайттық. Біздің саясатымыз табысты болды.

Біз  демократиялық даму үлгісі негізінде азаматтық қоғам институттарын дәйекті түрде қалыптастырдық. Адам құқықтары жөніндегі Омбудсмен институты құрылды.

Бізде бұрын ешқашан көппартиялылық болмаса, қазір еліміздегі  күллі саяси спектрді көрсететін  партиялар жұмыс істейді. Бізде  көппартиялы Парламент, парламенттік көпшілік қолдаған Үкімет бар.

Азаматтық қоғам дамуда, тәуелсіз БАҚ жұмыс істеуде. Түрлі бағыттағы  18 мыңнан астам үкіметтік емес ұйымдар жұмыс істейді. 2,5 мыңдай БАҚ  бар, оның  90%-ы – жеке иелікте.

Қазақстан бүгінде  мәдениетаралық және конфессияаралық үнқатысудың халықаралық орталығына айналды.

Әлемдік және  дәстүрлі діндердің алғашқы төрт съезі  нақ біздің елімізде  өтті.

ХХІ ғасырда Қазақстан Шығыс пен Батыстың үнқатысуы мен өзара іс-қимылының  көпірі болуға тиіс.

(3)  ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТИЦИЯЛАР МЕН ІШКІ САЛЫМДАРДЫҢ ДЕҢГЕЙІ ЖОҒАРЫ АШЫҚ НАРЫҚТЫҚ ЭКОНОМИКАҒА НЕГІЗДЕЛГЕН ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСУ. Біз  дамудың нақты, орнықты және үдемелі қарқынына қол жеткізу міндетін қойдық. Біз осы міндетті тарихи тұрғыдан алғанда  аса қысқа мерзімде шештік.

Дәл осы «Қазақстан-2030» Стратегиясында  басты назар экономикалық өсуге аударылды.

Нәтижесінде, 15 жыл ішінде ұлттық экономиканың көлемі  1997  жылғы 1,7 триллион теңгеден 2011 жылы  28 триллион теңгеге  өсті.

Елдің ІЖӨ  16  еседен астам өсті.  1999 жылдан бастап Қазақстанның ІЖӨ-нің жыл сайынғы  өсуі  7,6%-ды құрап,  алдыңғы қатарлы  елдерді басып озды.

Жан басына шаққанда ІЖӨ 1998 жылғы 1500 доллардан 2012 жылы 12 мың долларға жетіп, 7 еседен астам өсті.

Қазақстан әуел бастан жан басына шаққанда тартылған тікелей  шетелдік инвестициялардың көлемі жағынан ТМД-да көшбасшы болды. Бүгін бұл 9200 АҚШ долларына жетті.

Біз сыртқы сауданың – 12 есе өсуіне, ал өнеркәсіп өнімін өндіру көлемінің 20 есе өсуіне қол жеткіздік.

Осы жылдар ішінде мұнай өндіру – 3 есе, табиғи газ өндіру 5 есе ұлғайды.  Біз шикізат ресурстарынан түскен кірісті Ұлттық қорға жібердік.

Бұл – ықтимал экономикалық және қаржылық сілкіністерден қорғайтын сенімді қалқанымыз. Бұл – бүгінгі  және болашақ ұрпақ қауіпсіздігінің кепілі.

Үдемелі индустрияландыру  бағдарламасы аясында 2010 жылдан бастап жалпы құны 1 797 млрд. теңге болатын 397 инвестициялық жоба іске асырылды, 44 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы іске асырылған екі жыл ішінде  жалпы көлемі   101,2 млрд. теңге сомасындағы кредит болатын 225 жоба мақұлданды.

Біз – бүгін  халқының табысы орташа деңгейдегі және серпінді дамитын экономикасы бар елміз.

(4)  ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТТАРЫНЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ, БІЛІМІ МЕН ӘЛ-АУҚАТЫ. Адамдардың жағдайын түбегейлі өзгертудің, өмір сүру жағдайын жақсартудың өмірлік маңызы бар. Атқарылған жұмыстың нәтижесі көзге бірден түседі.

Орташа  айлық жалақы 9,3  есе өсті. Зейнетақы төлемдерінің  орташа мөлшері 10 есе ұлғайды.  

Халықтың нақтылы ақшалай кірістері  16  есе өсті.

Егер  1999 жылы қаржыландыру 46  млрд. теңгені құраса, 2011  жылы 631 млрд. теңге болды.

Денсаулық сақтаудың бес инновациялық объектісі – Балаларды оңалту орталығы, Ана мен бала орталығы, Нейрохирургия, Шұғыл медициналық көмек және Кардиология орталықтары кіретін медициналық кластер құрылды.

Елдің барлық өңірлерінде сапалы медициналық қызметтер алу үшін қажетті жағдай жасалды.

Еліміздің ең шалғай аудандарын  медициналық қызметтермен қамтитын көлік медицинасы жедел қарқынмен дамуда.

Ұлттық скрининг жүйесі ауруларды бастапқы сатысында анықтауға және олардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Дәрі-дәрмекпен тегін және жеңілдікті қамтамасыз ету енгізілді.

Соңғы 15 жылда халықтың саны   14 млн-нан 17 млн. адамға дейін өсті.   

Өмір сүру ұзақтығы 70 жасқа дейін ұлғайды.

Біз  қолжетімді және сапалы білім беруді дамыту бағытын дәйекті жүргізудеміз.

«Балапан» бағдарламасын іске асыру балаларды мектепке дейінгі білім берумен 65,4%-ға дейін қамтуға мүмкіндік берді.

Міндетті мектепалды даярлық енгізілді, ол мектеп жасына дейінгі балалардың  94,7%-ын қамтыды.

1997 жылдан бері республика бойынша 942 мектеп, сонымен қатар, 758 аурухана және өзге де денсаулық сақтау нысандары салынды.

Біз әлемдік деңгейдегі зияткерлік мектептер мен кәсіптік-техникалық колледждер желісін дамытудамыз.

Соңғы 12 жылда  жоғары білім алуға берілетін гранттар саны 182%-ға ұлғайды.

1993 жылы біз «Болашақ» атты бірегей бағдарлама қабылдадық, соның арқасында 8 мың талантты жас әлемнің таңдаулы университеттерінде озық білім алды.

Астанада  халықаралық стандарттар бойынша жұмыс істейтін заманауи ғылыми-зерттеу университеті құрылды.    

(5) ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ РЕСУРСТАР. Қазақстанның мұнай-газ кешені күллі экономиканың локомотиві болып табылады және басқа салалардың дамуына ықпалын тигізеді.

Біз экономиканың заманауи, тиімді мұнай-газ және тау-кен өндіру саласын құруға тиіс едік. Біз бұл міндеттің үдесінен шықтық. Біз бүгін  шикізат секторының табысын болашақ экономиканы  құру үшін пайдаланудамыз.

Елдің ІЖӨ-де мұнай-газ саласы  үлесінің тұрақты өсу қарқыны байқалады, ол 1997 жылғы 3,7%-дан   2006  жылы  14,7%-ға және 2011 жылы   25,8%-ға өсті.

Біз өткізу нарықтарын әртараптандырып, өз позицияларымызды берік орнықтырдық, сол арқылы өнімімізді өткізудің бір бағытқа тәуелділігін азайттық.

(6) ИНФРАҚҰРЫЛЫМ, ӘСІРЕСЕ, КӨЛІК ПЕН БАЙЛАНЫС. Біз инфрақұрылымды дамыту міндетін алға қойдық. Біз  мұны да еңсердік. Өткен жылдар ішінде  өнеркәсіп, көлік инфрақұрылымы мен тыныс-тіршілік инфрақұрылымының ірі стратегиялық объектілері іске қосылды. Бұл -  автомобиль және темір жол магистральдары, құбыр жолдары, логистикалық орталықтар, терминалдар, әуежайлар, вокзалдар, порттар және т.б.

Осының барлығы көптеген қазақстандықтарға жұмыс тауып берді, біз өңірлік және жаһандық шаруашылық байланыстар жүйесіне кіріктік.

Жыл сайын телекоммуникация тұтынушыларының саны өсе түсуде. Бұл стационарлық телефондарға да, ұтқыр байланысқа да, Интернетке де қатысты.

Электронды үкімет азаматтардың мемлекетпен өзара іс-қимылын едәуір жеңілдетті.

Соңғы 11 жылда автомобиль жолдары саласын дамытуға 1 263,1 млрд. теңге жұмсалды. Осы жылдар ішінде  ортақ пайдаланудағы 48 мың шақырымнан астам жол, сондай-ақ 1100 шақырым темір жол салынды және реконструкцияланды.

Қазіргі уақытта біз «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» магистральдық көлік дәлізін салып, Жаңа Жібек жолын жаңғыртудамыз.

Біз «Өзен – Түркіменстан шекарасы» темір жол желісін салып, Парсы шығанағы мен Үлкен Шығыс елдеріне жол аштық. «Қорғас-Жетіген» жолын төсеп, Қытайдың және күллі Азия құрлығының нарықтарына еніп, Шығыс қақпасын айқара аштық. Біз «Жезқазған-Бейнеу» теміржолын салуды бастадық.

(7) КӘСІБИ МЕМЛЕКЕТ. Біз әкімшілік-әміршілдік жүйенің басқару дәстүрлерінен түбегейлі бас тартып, басқарушылардың заманауи әрі тиімді корпусын құруға тиіспіз. Барлық азаматтар тең құқықтар мен мүмкіндіктерге ие болатын, кадрларды іріктеу мен жоғарылатудың біз жасаған жүйесі мемлекеттік аппарат қызметінің кәсібилігі мен ашықтығының барынша жоғары деңгейін қамтамасыз етеді.

Біз мемлекеттік басқаруда өзіндік тұрғыда төңкеріс жасауға қол жеткіздік, оны халыққа мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын арттыруға қайта бағдарладық.

Осылайша 2030 Стратегиясында белгіленген негізгі міндеттер орындалды, қалғандары орындалу үстінде.

Ары қарай »

.