Шрифт өлшемі:
A A A
Сайт түстері:
A A A
Әдеттегі болжам
Шрифт көлемі: A A A
Сайт түстері: A A A

Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі

"Қазақстан – біртұтас жер, біртұтас халық, біртұтас болашақ. Мен барша қазақстандықтарды ұлтаралық және конфессияаралық келісімді одан әрі нығайтуға шақырамын. Олар біздің мәңгілік құндылықтарымыз. Осынау бұлжымас ақиқатты сақтай отырып қана, біз мәңгілік халық, мәңгілік елорда және мәңгілік мемлекет туралы айта аламыз."
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Жолдауы

Баяндамалар, сөйлеген сөздері

15 тамыз 2015

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитетінің Төрағасы Ғ.Н.Шойкиннің «Діни тұрақтылық – ел дамуының кепілі»  республикалық конференциясындағы сөйлеген сөзі (Шымкент қаласы, 14 тамыз 2015 жыл)

Құрметті конференцияға қатысушылар мен қонақтар!

«Діни тұрақтылық – ел дамуының кепілі» тақырыбындағы бүгінгі республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысының басталуымен құттықтауға рұқсат етіңіздер!

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Баршаның есінде болуын қалаймын: тұрақтылығымыз бен бір-бірімізге деген құрметті сақтау – біздің дамуымыздың негізгі қағидаты» деп атап өткендей, бүгінгі конференцияда өте өзекті мәселелердің бірі - мемлекетіміздегі діни тұрақтылықты одан әрі дамыту мәселелері қозғалып отыр. 

Сіздердің жұмыстараңызға сәттілік, конференция қызметіне толағай табыстар тілеймін.

Қадірлі әріптестер!

Биыл ұлттық тарихымыз бен мәдениетіміздің маңызды мерейтойы - Қазақ хандығының құрылуының  550 жылдығы! Бұл – біз үшін жетістігіміз бен кемшілігімізді саралайтын, болашақты бағдарлайтын кезең, мемлекеттігімізді нығайту жолындағы тағы бір биік асуды бағындырып, жаңа қадам басатын жол.

Тәуелсіз елдігімізді мәңгі ету жолындағы абыройлы белесте баршаңызға толайым табыстар тілеймін! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекеттігіміз ғұмырлы болсын!

Ғасырлар бойы халқымыздың өз тұтастығын қамтамасыз ету, рухани құндылықтарын қайта жаңғырту ұмтылысы мен арманы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың көрегендігімен бейбіт дипломатиялық келісім жолымен іске асты.

Еңбексүйгіш әрі ақылман Қазақстан халқы өзінің қажырлы еңбегінің арқасында дамудың дұрыс жолын таба білді. Ел экономикасы тұрақты дамып, халықтың əл-ауқаты жақсарып, əлеуметтік-саяси тұрақтылығы сақталып, халықаралық аренадағы беделі арта түсуде. Бұл еліміздің Мәңгілік Ел идеясына ұмтылу жолындағы жасампаздығы болып табылады.

Елбасымыз айқындаған 7 құндылықтың қатарына біздің қоғамдағы ұлттық бірлік, бейбітшілік және келісім; зайырлы қоғам мен асқақ рух; ортақ тарих, мәдениет және тіл тәрізді құндылықтар енді.

Қазақстан азаматтарының аталмыш құндылықтарға қол жеткізуі және оларды дамыта түсуі үшін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам – Ұлт жоспарын» әзірлеп берді. Баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекеттің негізін қалайтын 5 реформаның өте маңызды идеологиялық бөлігі ретінде «Біртектілік пен бірлік» бағыты да қамтылды.

Құрметті әріптестер!

Елдегі діни ахуалдың тұрақтылығы мемлекеттік-конфессиялық қатынастардың даму динамикасына тікелей қатысты екендігі баршаға мәлім. Қазіргі уақытта мемлекеттік-конфессиялық қатынастардың қазақстандық моделін әлемнің көптеген елдері мойындаған.

Зайырлылық, толеранттылық пен конфессияаралық келісім қағидаттарын қолдау Мемлекет басшысының алдымызға қойып отырған Қазақстанның барлық стратегиялық мақсаттарына қол жеткізу мүмкіндігін береді.

Биыл 20 жылдығы тойланатын Конституциямыздың және ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы да осы қағидаттарға негізделген.

Дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру мақсатында Дін істері комитеті тарапынан негізгі дәстүрлі конфессиялармен және басқа да мүдделі қоғамдық бірлестіктер және субъектілермен өзара әрекеттестік бағытында кең ауқымды жұмыс жүргізілуде.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Дін істері комитеті мемлекет пен еліміздің жетекші конфессиялары арасында құрылымдық өзара іс-қимыл жасау мақсатында Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасымен, сонымен қатар Қазақстан православие шіркеуімен меморандумға қол қойды.

Өңірлік және орталық деңгейлерде конфессияаралық тұрақтылықты нығайту бағыттындағы маңызды платформалардың қатарына ҚР Үкіметінің және әкімдіктердің жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестер кіреді.

Кеңес қызметіне диалог пен рухани құндылықтарды сақтау мәселелеріне қатысты ортақ жұмыстарды үйлестіру, азаматтардың діни-құқықтық сауатын ашу, сонымен қатар біріккен іс-шаралар ұйымдастыру жатады.

Комитеттің ұсынысы бойынша орталық деңгейде діни қайраткерлердің жиыны құрылып, өз қызметін жүргізе бастады. Мұндай диалогты алаңдар өңірдерде де құру мәселесі пысықталуда.

Тәжірибе көрсеткендей аталмыш кеңестер мен жиындардың қызметі мемлекеттік-конфессиялық ынтымақтастықтың тиімді түрі болып табылады.

Осылайша, мемлекет пен діни бірлестіктер арасында да, конфессиялар арасында да құрылымдық және іскерлік қатынастар даму үстінде.

Қазырғы кезде көптеген елдерде дiни экстремизм мен терроризм қауіп-қатерге айналып отыр. Осыған байланысты біздің елімізде Дiни экстремизм мен терроризмге қарсы iс-қимыл жөнiндегi 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданып, жүзеге асырылуда.

Бүгінгі таңда Комитет діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жөніндегі ақпараттық-түсіндіру жұмысына, қоғамда толеранттық діни сананы және радикалды идеологияға қарсы иммунитет қалыптастыруға бар күшін жұмылдырған.

Осы мақсатта Комитет тарапынан төмендегідей шаралар қолға алынды:

Біріншіден, тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру және радикалды идеяларға қарсы насихат жұмыстарын жүргізу мақсатында E-islam мәдени-ағартушылық интернет-ресурсы құрылып, сапалы әрі ауқымды түрде қызмет атқаруда;

2014 жылдан бастап порталға кірушілер аудиториясының саны өсіп келеді. Бүгінгі күні порталға 385 мың адам кіріп үлгерді.

Екіншіден, дін атын жамылған теріс пиғылды діни ағымдардың қызметінен зардап шеккендерге кеңес беру, құқықтық және психологиялық көмек көрсету бойынша «Қауырт желі – 114» ақпараттық-кеңес  беру орталығының тәуліктік жұмысы ұйымдастырылды. Ашылғаннан бері Орталыққа 940-тан астам қоңырау шалынды.

Үшіншіден, түзету мекемелері жағдайында 2014 жылы құрылған «Ақниет» республикалық реабилитация - қайта бейімдеу орталығы діни экстремизм мен терроризм әрекеттері үшін сотталған азаматтар арасында қажетті жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді.

Дін істері басқармалары мен өңірлік Қылмыстық атқару жүйесі департаменті тарапынан түзеу мекемелерінде сотталғандар арасында ақпараттық-насихат жұмыстарын өткізу жөніндегі бірлескен іс-шара жоспарлары іске асырылуда.

Түзеу мекемелерінде 2015 жылдың басынан экстремистік бағытта 700-ден астам сотталған азаматтар түсіндіру жұмысымен қамтылды. Мұндай азаматтарды дәстүрлі ислам ортасына қайтару үрдісі одан әрі жалғасын табуда.

Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру аясында дін саласындағы өзекті мәселелер бойынша көпжоспарлы және ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмысы жүргізілуде.

Жергілікті ақпараттық-насихат топтары қызметінің пәрменділігін арттыру мақсатында Комитет әкімдіктерге жергілікті жерлердегі АНТ құрамын оңтайландыруға, халықтың нысаналы әлеуметтік топтарымен жұмыс жүргізуге екпін түсіру қажеттігін ескерткен болатын.

Комитет облыстардағы, Астана мен Алматы қалаларындағы АНТ-лардың 2015 жылдың 2-тоқсанындағы қызметіне талдау жасап, барлық өңірлерге ортақ төмендегідей бірқатар ұсыныс жасады. Әсіресе, Комитет:

1) облыстарда нысаналы топтармен жұмыс жүргізу барысында оларға әсер ету категорияларын есепке ала отырып, жұмыстың жаңа әрі тиімді түрлері мен әдістеріне негізделген іс-шаралардың форматын өзгертуді;

2) мемлекеттік, сондай-ақ мемлекеттік емес мекемелерде өткізілетін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын өткізу орындарының көлемін (25% – мемлекеттік мекемелерде, 50% – мемлекеттік емес және жеке ұйымдарда, 25% – келісім бойынша мешіттер мен шіркеулерде) ұстануды;

3) тұрғындар санын есепке ала отырып, облысқа бағынысты қалалар мен аудандарда өтетін іс-шаралар санын (кемінде 4 іс-шара айына бір рет аудан орталықтары мен ауылдық округтерде) ретке келтіруді;

4) діни тақырыптарды жариялау жөніндегі өңірлік журналистер пулдарына арналған семинар-тренингтер ұйымдастыру, оларды ақпараттық материалдармен қамтамасыз ету, дін саласының өзекті мәселелеріне шұғыл ақпараттық ден қою және жария ету мақсатында медиа-жоспарларды тоқсан сайынғы негізде әзірлеп, іске асыру, дін мәселелерін көтеретін жергілікті БАҚ-тарда діни мазмұндағы ақпаратпен шектелмей, ұлттық құндылықтарды, зайырлылық қағидаттарын талдап-түсіндіретін материалдардың жиі жариялауды ұсынады.

АНТ жұмысының пәрменділігін арттыру мақсатында аталған қорытындылар мен ұсынымдарды Дін істері басқармалары мен өңірлік дін саласындағы проблемаларды зеріттеу орталықтардың алдағы қызметінде пайдалануды жөн деп санаймыз.

Жоғарыда аталған жұмыстың барлығы Дін істері басқармалары мен оның құрылымдық бөлімшелерімен өзара әрекеттестікте жүзеге асырылуы тиіс.

Осы ретте Комитет дін саласының барлық мәселелері бойынша жұмысты тұрақты түрде үйлестіруді, әдістемелік қамтамасыз етуді ұйымдастырып келеді.

Республикалық деңгейде жүйелі түрде Дін істері басқармалары, ведостволық бағынысты ұйымдарының қызметкерлері мен АНТ мүшелеріне арналған біліктілік арттыру курстарын ұйымдастыру және өткізу тәжірибесі бар.

Тоқсан сайын семинарлар, тренингтер, тағылымдамалар мен басқа да іс-шаралар өткізілуде. Бұл жұмысты да біз жалғастыруымыз қажет.

Қазіргі таңда дін саласындағы мемлекеттік басқарудың деңгейлерін үйлестіру мен өзара әрекеттестік жөнінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен әкімдіктердің арасында меморандумның жобасы әзірленіп, жүық арада оған қол қою жоспарланған.

Комитет тарапынан АНТ мүшелері ақпараттық түсіндіру жұмысы барысында пайдалану мақсатында ақпараттық-әдістемелік материалдар әзірленіп, өңірлерге жолдануда. Қазырғы кезге дейін бұл бағытта өңірлерге 50-ден астам материал жолданды.

Бұған қоса, өңірлердің қажеттіліктері бойынша алдағы қыркүйек айында Комитет тарапынан 10-ға жүық ақпараттық-әдістемелік материал жолдау жоспарлануда.

Комитет Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, студентк және оқушы жастармен жұмысқа бағытталған Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша 2014-2015 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын іске асыруда. Алдын алу жұмысы оқу орындары мен студенттік жатақханаларда жүргізілуде.

«Зайырлылық және дінтану негіздері» пәнінің оқу бағдарламасы әзірленді. Жақында оқулық, оқу құралы мен хрестоматиядан құралған «Зайырлылық және дінтану негіздері» атты жаңа оқу-әдістемелік кешені әзірленді.

Аталған кешенді алдағы 2015-2016 оқу жылында еліміздің              8 мектебінде апробациядан өткізу жоспарланып отыр.

Әйелдер аудиториясымен нысаналы жұмыстар ұйымдастырылды. Өңірлерде «Әйел және дін» жобасы іске асырылуда. Жетекші жоғары оқу орындары негізінде тәрбие жұмысын жүргізу мақсатында «Қыз Жібек» клубтары құрылды.

Жалпы айтқанда, Дін істері комитеті тапсырысы бойынша осы жылы өткізілген әлеуметтік зерттеулердің нәтижелері көрсеткендей қазақстандықтардың 80 пайызынан астамы елдегі діни ахуалды жағымды деп бағалап, дін саласындағы уәкілетті органдардың қызметін қолдайды. Сондықтан, бүгінгі біздің басты міндетіміз – халық сенімін ақтап, қалыптасқан жағдайды сақтап қалу болып табылады.

Құрметті әріптестер!

Осы мақсатқа жету үшін жергілікті әкімдіктер үкіметтік емес ұйымдармен, азаматтық қоғам құрылымдары және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен бірлесе отырып, дін саласындағы мемлекеттік саясаттың аясында төмендегі бағыттарды басшылыққа ала отырып, өз жұмысын әрі қарай жетілдіруі қажет деп есептейміз.

БІРІНШІ БАҒЫТ. Облыс, қала, аудан әкімдіктері діни қызметті реттеу саласындағы жұмысын әрі қарай жүйелендіруі қажет. Әсіресе:

-   дін саласындағы проблемалық мәселелер мен теріс үрдістерді өз уақытында анықтап, сондай-ақ оларға жол бермеу және шешімін табу бойынша тиімді шаралар қабылдау мақсатында діни ахуалға талдау және мониторинг жүргізу жұмыстарын жетілдіру;

-   дін саласындағы заңнаманы сақтау мәселелері бойынша тіркелген діни бірлестіктермен өзара әрекет етуді күшейту, сондай-ақ олардың оң әлеуеттерін қоғамның әлеуметтік мәселелерін шешуге бағыттау;

-   дін мәселелерін зерделеу жөніндегі орталықтардың қызметін әрі қарай жетілдіру, атап айтқанда, олардың негізінде ақпараттық-насихаттық топтар мүшелеріне жоспарлы негізде оқыту семинарлар ұйымдастыру, АНТ-ларға арналған ақпараттық материалдар әзірлеу, өзекті тақырыптар бойынша әлеуметтік зерттеулер жүргізу, орталықтардың құрамындағы оңалту бөлімдері қызметінің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету;

-   үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен ақпараттар қабылдап, азаматтарға дін мәселелері бойынша кеңес берумен айналысатын сенім телефондарының қызметін жандандыру, оларды жарнамалау ісін жетілдіру;

-   жастардың бойында деструктивті діни идеологияға қарсы тұратын иммунитет қалыптастыру мақсатында мектептердегі «Зайырлық және дінтану негіздері» пәні оқытушыларының біліктілігін арттыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуді қамтамасыз ету қажет;

-   шет елдің күмәнді діни оқу орындарында білім алып жүрген студенттерді, олардың ата-анасы және туыстарымен бірлесе отырып, елге қайтару жұмыстарын да ескерусіз қалдырмаған жөн.

ЕКІНШІ БАҒЫТ. Өңірлік дін саласындағы ақпараттық-насихат топтарының (АНТ) қызметін жетілдіру жұмысын одан әрі күшейту қажет.

Әсіресе:

-   жастар арасында патриоттық, отансүйгіштік тәрбиені күшейту, зайырлылық идеяларын насихаттау, ұлттық дәстүр мен сана-сезімді нығайту және экстремизмнің алдын алу жұмыстарын;

-    қоғамда толеранттылық пен конфессияаралық келісімге негізделген дүниетанымды дамыту, дәстүрлі рухани құндылықтар мен жалпы рухани мәдениетті насихаттау, тұрғындардың дінтанулық сауатын арттыру, олардың радикалдық идеяларға қарсы иммунитетін нығайту бағытындағы жұмыстарды күшейту маңызды;

-   аталған түсіндіру және ақпараттық жұмысқа шығармашыл және ғылым саласының зиялы қауымдарын, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелерін, жастар ұйымдарын тартуды қамтамасыз ету;

-   АНТ мүшелерінің біліктілігін арттыру және қажетті әдістемелік-ақпараттық материалдармен қамтамасыз етуге баса назар аудару маңызды.

ҮШІНШІ БАҒЫТ. Дінді деструктивті мақсаттарда пайдалану жайттарына шектеу қою бойынша нақты шараларды жүзеге асыру жұмысына ерекше назар аудару:

-   радикалды ағымдар идеяларынан зардап шеккен адамдарды оңалту үшін теологтардың арнайы топтарын жер-жерлерде пайдалануды, олардың әлеуметтік мәселелерін шешуді жалғастыру;

-    діни экстремизм мен терроризм баптары бойынша сотталғандар мен дін мамандары арасында тұрақты негізде кездесулер мен сұхбаттар өткізу, түзету мекемелерінде іс-шаралар ұйымдастыру қажет.

 

ТӨРТІНШІ БАҒЫТ. Дін саласындағы ақпараттық-ағарту жұмысында бұқаралық ақпарат құралдарын тиімді пайдалану, олармен тығыз қарым-қатынас жасау, оларға бағыт-бағдар беріп отыру.

Әсіресе, осы мақсатта БАҚ-тарда дін мәселелерін жариялау жөніндегі кеңестердің жұмысын жандандыру, осы салада мемлекеттік әлеуметтік және ақпараттық тапсырыс тәсілін енгізу жөн деп санаймыз. 

Құрметті конференцияға қатысушылар!

Бүгінгі конференция жұмысына қатысып отырған облыстың беделді зиялы қауым өкілдерін, ақпараттық-насихат топтарының мүшелерін, дінтанушы мамандар мен үкіметтік емес ұйымдарының өкілдерін - тұрғындар, әсіресе жастар арасында «Зайырлылық», «Жоғары рухани құндылықтар», «Ұлттық дәстүр» мен «Елдік» ұғымдарын кең насихаттап, халқымыздың өркендей түсуіне ат салысуға шақырамын!

Алда тұрған міндеттер мен мақсаттардың бағыт-бағдары осы негізде ілгерлеуі тиіс деп ойлаймын. Бұл келелі міндеттерді орындауға біздің біліміміз де, тәжірибеміз де, ұйымдастырушылық-іскерлік қабілетіміз де толық жетеді деп сенемін.

Конференция жұмысының еліміздегі діни тұрақтылықты қамтамасыз ету тәжірибесін байыта түсетіндігіне сенімім мол.

Баршаңыздың жұмыстарыңызға табыс тілеймін!

Назар қойып тыңдағандарыңыз үшін рахмет.

.