Шрифт өлшемі:
A A A
Сайт түстері:
A A A
Әдеттегі болжам
Шрифт көлемі: A A A
Сайт түстері: A A A

Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі

"Қазақстан – біртұтас жер, біртұтас халық, біртұтас болашақ. Мен барша қазақстандықтарды ұлтаралық және конфессияаралық келісімді одан әрі нығайтуға шақырамын. Олар біздің мәңгілік құндылықтарымыз. Осынау бұлжымас ақиқатты сақтай отырып қана, біз мәңгілік халық, мәңгілік елорда және мәңгілік мемлекет туралы айта аламыз."
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Жолдауы

Баяндамалар, сөйлеген сөздері

13 маусым 2013

ҚР Дін істері Агенттігінің Төрағасы Қайрат Лама Шарифтың «ТМД елдеріндегі діндердің рөлі» халықаралық конференциясындағы сөйлеген сөзі (Астана қаласы, 13 маусым 2013 жыл)

Құрметті Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары!
Құрметті ТМД елдерінен келген қадірменді қонақтар мен конференцияға қатысушылар!

Бүгінгі конференцияның тақырыбы ретінде «ТМД елдеріндегі діндердің рөлі» деп таңдалуы кездейсоқтық емес. Бұл, ең алдымен, біздің елдеріміз үшін ортақ мәселелерді талқылаудың және пікір алмасудың шынайы қажеттілігінен туындап отыр. Тату-тәтті көрші елдер болғандықтан, бұл түсінікті де, өйткені біз ғасырлар бойы тамыры тереңге жайылған ортақ тарихы бар, бүгінгі таңда да қоян-қолтық араласып жатқан елдерміз.

Бір кезеңдерде бұрынғы Кеңес Одағы құрамында болған бауырлас республикалар тағдырдың жазуымен жиырма жылдан астам уақыт бойы бір-бірінен дербес өмір сүріп отырғанымен, қазірдің өзінде көптеген өзекті мәселелер бойынша ортақ тіл табысып, ынтымақтастығымыз жарасып дамып келеміз.

«Бұл кезең Қазақстан, Ресей, Украина, Армения, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және басқа да мемлекеттер үшін ұзақ па әлде қысқа ма?» деген сауал қоятын болсақ, әрине, өркениет тарихы үшін бұл уақыт қас қағым сәт болғанымен, алайда біздің елдеріміздің азаматтары үшін осы өтпелі екі онжылдық, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың айтқанындай, жүз жылмен парапар келді.

Қазақстан Республикасы осы сындарлы жылдары ішінде Достастықтың басқа елдері тәрізді, Кеңес Одағының құлдырауының нәтижесінде халықаралық қатынастардың дербес субъектісіне айналды. Еліміз қамшының сабындай тым қысқа тарихи мерзімде халықаралық сахнада өзінің лайықты орнын тауып, өзінің ұлттық-мемлекеттік мүдделерін белгілеп, осы мүдделерге сәйкес келетін сыртқы және ішкі саяси басымдықтар жүйесін құрып, өзінің ұлттық стратегиясының мықты негіздерін орнатты.

Осы орайда, әлем елдерімен дипломатиялық қатынастар орнатудың, халықаралық және аймақтық ұйымдармен сұхбатқа түсудің, Қазақстанды дүниежүзілік сауда-экономикалық байланыстарға ендірудің және күрделі геосаяси ортада орналасқан мемлекеттің ұлттық, оның ішінде діни-рухани қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығы кем емес еді.

Атеистік саясатты ұстанған Кеңес Одағының тарих сахнасынан кетуімен Достастық елдерінің қоғамдары мен мемлекеттік билік органдарының қоғамдық қарым-қатынастар жүйесіндегі рөлі күн санап артып келе жатқан діндер мен конфессияларға қатынастағы көзқарасы түбегейлі өзгерді.

ТМД кеңістігіндегі барлық дерлік зайырлы елдердің ұлттық Конституцияларында азаматтардың діни сенім және ар-ождан бостандығы құқықтары бекітіліп, тұлғаның діни бостандығы саласындағы халықаралық келісімшарттар мен конвенциялар ратификацияланды.

Бұл бұрынғы КСРО кеңістігіндегі өзгеріске ұшыраған геосаяси өмір діни конфессияларды Достастық елдерінде қалыптасып келе жатқан азаматтық қоғам субъектілері ретінде бағалауға мүмкіндік бергендігіне дәлел бола алады.

Қоғам өмірінің барлық тұсын қамтыған осындай ауқымды өзгерістерден Қазақстан да тыс қалмай, діни конфессиялармен қарым-қатынас жүйесін қалыптастыру жолында қолынан келгеннің барлығын жасады. ТМД кеңістігінде осындай үдерістер барлық елдерде орын алып, осының нәтижесінде діннің және оның институттарының рөлінің күрт өсуі байқалды.

Осы кезеңде біздің қоғамдардың одан әрі дамуындағы діннің орны мен рөлін айқындауға қатысты сұрақтар туындады. Бұл құбылысты елемеушілікке бой ұрмай, керісінше аталған құбылыспен санасу тиістігін түсінетін біздер үшін, яғни Достастық елдері үшін мәселе анау айтқандай оңай емес еді. Не үшін дейсіздер ғой? Өздеріңізге мәлім, идеологиялық унитаризм тарих қойнауына кеткен қазіргі жағдайда, заманауи әлемнің және ТМД елдерінің бүгінгі қоғамдық-саяси өмірінің ажырамас бөлігі ретінде діни фактор жекелеген мемлекеттердің ұлттық қауіпсіздігі мен тұрақтылығының басты факторына айналып отыр.

Осы ретте, миссионерлік экспансия және радикализмнің өсуі посткеңестік кеңістіктегі тұрақсыздықтың негізгі факторларына айналғандығын айта кеткен жөн. «Горбачевтің перестройкасы» кезеңінде Орталық Азия елдерінде протестанттық ағымдардың белсенділігінің күрт артуы байқалды. Бұл белсенділік протестанттық және дәстүрлі емес діни бірлестіктер тарапынан мақсатты түрде қолға алынған миссионерлік стратегияның басты элементіне айналды. Жергілікті қоғамдастықтар алдында қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты сақтауда ешқандай саяси жауапкершілік алмайтын дәстүрлі емес конфессиялар көп жағдайда дінаралық өшпенділікке жол бере отырып, тек өз мүшелерінің қатарын көбейтуді мақсат етуде. Мұндай мысалдарды дәстүрлі діндерді ұстанатын жергілікті тұрғындар мен миссионерлік прозелитизм салдарынан пайда болған неофиттер топтарының арасындағы сандық тепе-теңдіктің өзгеруімен діни қақтығыстардың тұрақты өсуі байқалып отырған Африка мен Азияның бірқатар елдері мен аймақтарынан көруге болады.

Сондықтан дәстүрлі діндердің тұғырлары ТМД елдерінде діни тұрақтылықтың сақталуын анықтайтын маңызды фактор болып отыр. Дәстүрлі діндердің басқа конфессияларға қатынастағы байсалды ұстанымы қоғамдағы конфессияаралық қатынастарды тұрақтандырушы тежеу бола алады.

Құрметті Конференция қатысушылары!

Көріп отырғанымыздай, біздің қоғамдарда діни реставрация діни астамшылық пен төзбеушілікті тудыруда, ол діннен бейхабар топтар үшін «жабық» және тек таңдаулы адамдар мен адамдар топтарының діншілдігі түріндегі сипатқа ие бола бастауы байқалуда. Астамшылыққа ұмтылудың негізінде ақиқатқа монополия орнату талпынысы көрініс береді.

ТМД кеңістігінде қалыптасып отырған ауқымды діни көріністер қазіргі әлемде діннің жаңаруы тек жаңа діни тәжірибеге ие болу жолында ғана орныға алатындығын көрсетуде. Қазақстанда Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың игі бастамасымен әр үш жыл сайын өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің сьездері - осындай діни тәжірибені заманауи байытуға тұғырланады.

Осы Астана дінаралық форумы өзінің 10 жылдық қызметімен барлық әлемге адамдардың жер бетіндегі өмірі жаңа коммуникация құралдарымен, ғылыми және ақпараттық байланыстардың құрлық аралық желісімен, сауда және өнеркәсіппен, адамзаттың болашақтағы тіршілік етуіне күдік келтіретін ортақ қатерлермен тығыз байланысты екендігін, жалпы айтқанда адамзат тағдырының ортақтығын көрсетіп отыр.

Осы орайда, бүгінгі күнде ТМД аумағында өмір сүріп отырған адамдардың күнделікті проблемалары ортақ екендігі айқын және олар оларды шешу тәсілдерін бірдей іздейді. Бұл өзекті мәселелердің көпшілігін тек бірлесіп шешуге болады. Алайда, ол – оңай шаруа емес. Біздің бүгінгі күнімізде байқалып отырған діни сана-сезімнің қауырт өсуі – әр халықтың өзіне тән салт-дәстүрлері мен діни жораларын жойып жіберуге алып келетін үрдістерге әкеп соқтыратындығы байқалады.

Осы ретте, біздің рухымыздың ортақ екендігінің, тіпті жаһандық ынтымақтасудың қажеттігін айқындап берген Астаналық саммиттерде көтерілетін тақырыптардың дұрыс таңдалғанын білдіреді деп айтар едім.

Осы міндетті шешудегі қадамдардың бірі – Достастық елдерінде бейбіт өмір сүріп жатқан қарапайым адамдарға барлық әлемдік және дәстүрлі діндер адамгершілік, ізгілік, қайырымдылық, тату-тәтті көршілік, сыйластық пен үйлесімділік туралы айтатындығын жеткізу маңызды болып табылады.

Бұл жерде, менің пікірімше, бәрімізге бір мәселені бөліп қарау керек: эгоцентризмнен бас тарту, әлемді билеуді көксеуді алдын алу. Меніңше, сонда ғана қарапайым түрдегі ұлы шындық ашылады: әлемдегі барлық діндер – адамзаттың рухани тәжірибесінің әртүрлі тілдерде көрініс табуы екендігі.

Құрметті әріптестер!

Осы ретте, діни фактордың тым артық бағалануын да байқамауға болмайтындығын айта кету керек. Мәселен, қоғамның бір бөлігінде бұқаралық ақпарат құралдарының ықпалымен идеологиялық вакуумды белгілі бір конфессиялардан көрініс табатын тек дін ғана толтыра алады деген жаңсық пікір қалыптасқан.

Біздің, сондай-ақ, діни фактор және оның қоғамға ықпал етуі әлі де аз зерделенген құбылыс екендігін, біздің елдерімізде мемлекет пен діни бірлестіктердің қарым-қатынастары осы жиырма жыл ішінде әлі де жан-жақты қалыптасып бітпегенін, және осы қатынастардың басымдықтары, мақсаттары мен міндеттері енді ғана анықталып отырғанын елемеуге хақымыз жоқ.

ТМД елдері тұрғындардың біраз бөлігі діншіл екендігіне қарамастан, сонымен бір мезгілде елеулі секулярланған елдер болып табылады. Сондықтан діннің және дін қызметкерлерінің мүмкіндіктерін шынайы бағалауымыз қажет, өйткені әлеуметтік және адамгершілік құндылықтардың қайта өрлеуі мемлекеттік институттар мен діни ұйымдардың ортақ күш-жігерлері мен ынтымақтастықтары арқылы ғана мүмкін бола алады. Біздің қоғамдарымыздың дұрыс дамуы үшін адамдардың ортақ мүдделерінің ескерілуі аса маңызды, ал керісінше болған жағдайда оның тайталастар мен әртүрлі қақтығыстарға ұласып кету қаупі бар.

Жалпы, ТМД тұрғындарының басым бөлігі қандай да бір қақтығыстардың туындауына мүдделі еместігін ескеру қажет. Көпшілікте діндарлар мен дінге сенбейтіндердің бір-біріне қатынастағы өзара құрметі мен төзімділігіне тұғырланған мәдениетті қамтамасыз ету - азаматтық ауызбіршілік пен келісімнің алғышарты мен негізі екендігін түсінетін салиқалы ұсмтанымдар бар.

Еуразия құрылығындағы діни жағдайды тұрақтандыру көптеген факторларға байланысты. Олардың бірі – дін қызметкерлері және оларды дайындау мәселесіне келіп тіреледі.

Енді, оларды кім дайындайтындығына назар аударайық? Осы мәселені зерделеу көрсетіп отырғандай, діни тәрбиемен осы уақытқа дейін ТМД елдеріндегі медреселерде Сауд Арабиясынан, Ливаннан, Түркиядан, Иорданиядан, Үндістаннан келген миссионерлердің немесе шетелдік исламдық діни оқу мекемелерінің бітірген азаматтардың айналысқанын көрер едік.

Бізді, осы орайда, ислам дінін бетперде ретінде ұстанып көп діндер өмір сүріп қоғамдарда қорқынышты үдете түсетін, заңсыз қарулы ұйымдар құратын және шетелдердегі террористік ұйымдармен байланыстар орнатуға ұмтылатын діни радикализм мен экстремизм алаңдаушылық туғызады.

Зерттеушілердің пікірі бойынша, бүгінгі күнде ислам фундаменталистерінің діни сипатқа ие тоталитарлық саяси режим орнатуға ұмтылуымен, олардың ХХІ ғасырда тек батыс өркениетіне ғана емес, сонымен қатар ислам дінін салиқалы ұстанып, жалпыадамзаттық рухани құндылықтарды басшылыққа алып өмір сүріп отырған қарапайым мұсылмандарға қарсы лаңкестік әрекеттер жүргізуімен көрініс табатын діни проблематика ерекше мәнге ие болып отыр.

Көріп отырғанымыздай, әлем діни фанатизм үстемдік құрған орта ғасырлардағы тәрізді қайтадан тарих сахнасына шығып отыр. Бұл, өз кезегінде, діндар фанатиктерінің жаппай қырып-жою қаруларына ие болу мүмкіндіктерінің өсуін алдыңғы қатарға шығарып отыр. Ал мұның адамзаттың дамуын қандай тығырыққа тірейтіндігі айтпаса да түсінікті. Әрине, бұл проблема да осы бағыттағы терең ғылыми зерттеулер мен бірлесіп әрекет етуді талап ететіні сөзсіз.

Құрметті Конференцияға қатысушылар!

Осы айтылған ойлардың барлығы бүгінгі күнде мынаны көрсетеді:

- дін бүкіл посткеңестік кеңістікте интеграцияландырушы тетік ретінде көрінеді. Сондықтан діни фактордың әртүрлі құрамдас бөліктері терең зерттеулерді қажет ететін аса өзекті мәселе болып табылады, ал олардың көбі ТМД халықтарының рухани-адамгершілік болмысының өзгерісіне алып келіп жатқан процестермен және олардың бұдан кейінгі дамуымен тікелей байланысты;
- діни фактор бітімгерлік рөлді атқара отырып, қоғамды бір құндылықтар төңірегіне топтастыратын оңды сипатқа да ие бола алады, және ол бір мезгілде қоғамдағы қарама-қайшылықтарды шиеленістерді қалыптастыра және тереңдете отырып, теріс сипатта да көріне алады. Саяси, әлеуметтік және экономикалық трансформациялар жағдайында діни фактор мемлекеттегі үрдістерге айтарлықтай ықпал етеді және қоғамдық өмірдің ажырамас атрибутына айналады. Сондықтан, қазіргі таңда дінге барынша назар аудару керек;
- ТМД кеңістігіндегі діни экстремизм проблемасы бірнеше құрамдас бөліктерге бөлінеді: бір жағынан, діни өркендеудің объективті, заңды үрдістері бар; екінші жағынан – сыртқы және ішкі күштердің өздерінің саяси және геосаяси мүдделерін іске асыру мақсатында діни факторды пайдалануы. Бұл жерде, ең маңыздысы - біздің мемлекеттеріміз бірінші, заңды компоненттің позитивті әлеуетін дұрыс пайдалана білуі керек болса, екінші, компоненттің қазіргі күндегі және болашақта туындауы мүмкін қауіп-қатерлерін, сонымен қатар жағымсыз салдарларын барынша азайтуы қажет.

Аталған проблемалық мәселелер бойынша келесідей ұсыныстарды қарастыруды ұсынамын.

Бірінші. Халықаралық және ұлттық тәжірибелерді талдау көрсетіп отырғандай, діни-саяси экстремизмге қарсы іс-қимыл көрсетуде реттеуші, тыйым салу және профилактикалық сипаттағы шараларды қамтитын кешенді шешім қажет. Осы саладағы аса тиімді шараларға құқықтық базаны жетілдіру, құқыққорғау органдарының қызметін нығайту және жетілдіру, діни экстремизм және терроризмді қаржыландырумен күресті күшейту, сонымен қатар түсіндіру, ақпараттық-насихат және идеологиялық жұмыстарды белсенді түрде жүргізуге негізделеді.

Екінші. Көпұлтты және көпконфессионалды құрамдағы тұрғындары бар Достастықтың зайырлы демократиялық мемлекеттері қандай да бір діннің артықшылығына жол бермеуі тиіс. Сонымен қатар, тарихи қалыптасқан негізгі конфессиялар туралы да ұмытпай, конфессияаралық тепе-теңдікті сақтауға тырысуы керек. Бүгінгі таңдағы конфессияаралық қатынастар саласындағы салиқалы мемлекеттік саясат – қоғам санасының радикализмге төзімді иммунитетін қалыптастыратын саясат. Мұндай саясаттың негізі заңнама және дінге төзімділік болып табылады.

Үшінші. Қазіргі замандағы Қазақстандағы конфессиялық фактор мемлекеттің даму процестерінде жұмылдырушы күш ретінде ішкі саяси тұрақтылық пен азаматтық ауызбіршілікті сақтау мен нығайтудың бірегей механизмі болып табылады, және ол осы ретте Достастық елдерінің қызығушылығын тудырады. Сондықтан, дінаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз етудегі қазақстандық тәжірибе жан-жақты зерттеліп, ТМД елдері арасында таралуы керек.

Төртінші. Дінаралық сұхбат біздің елдеріміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету факторы ретінде аса маңызды.

Бесінші. Қазақстандық зерттеушілердің пікірінше, конфессияаралық сұхбат мынадай басым бағыттар бойынша дамуы мүмкін:

- мемлекеттік және азаматтық деңгейлердегі бітімгерлік;
- азаматтардың мүдделерін қозғайтын мәселелер бойынша мемлекеттік билік органдарымен өзара әрекеттестік;
- ғаламдану жағдайында қоғамдағы рухани-адамгершілік қағидалардың сақталуына көмектесу;
- біздің елдеріміздің халықтарының рухани мұраларын игеру арқылы мәдени әлеуетті дамыту, мәдени сан алуандықты сақтау және дамытуға жәрдемдесу.

Алтыншы. Мемлекеттік органдардың діни ұйымдармен өзара әрекеттесуінің тиімді тетіктерін қалыптастыру барысында Достастық елдерінің мемлекеттік органдары мына қағидатқа сүйенуі керек: дін мемлекеттен бөлінген, алайда ол қоғамдық және әлеуметтік проблемаларды шешуге қатысудан шеттетіле алмайды.

Жетінші. ТМД аумағында бірыңғай конфессиялық мониторинг жүйесін қалыптастыру қажеттілігі туындап отыр. Ол елдеріміздегі конфессиялық жағдайды қадағалауға, діни фактордың тікелей немесе жанама қатысуының арқасында туындауы мүмкін шиеленістердің алдын алу үшін нақты ұсыныстарды әзірлеуге мүмкіндік береді.

Өз баяндамамды қорытындылай отырып, тағы бір рет кездесуіміздің пайдалығын атап өткім келеді. Бүгін конференция барысында аталатын проблемаларды және өзге проблемаларды біртіндеп және жүйелі зерттеу және шешу - Достастық елдері мен оның халқының одан арғы тұрақты дамуына негіз жасауы керек.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, конференцияның барлық қатысушыларына алғыс айтқым келеді. Қымбатты достар, Сіздерге жемісті еңбек тілеймін.

Назарларыңызға рахмет!

.