Шрифт өлшемі:
A A A
Сайт түстері:
A A A
Әдеттегі болжам
Шрифт көлемі: A A A
Сайт түстері: A A A

Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі

"Қазақстан – біртұтас жер, біртұтас халық, біртұтас болашақ. Мен барша қазақстандықтарды ұлтаралық және конфессияаралық келісімді одан әрі нығайтуға шақырамын. Олар біздің мәңгілік құндылықтарымыз. Осынау бұлжымас ақиқатты сақтай отырып қана, біз мәңгілік халық, мәңгілік елорда және мәңгілік мемлекет туралы айта аламыз."
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Жолдауы

Жарияланымдар

22 шілде 2016

«ҚазАқпарат» АА. Мырзаев Б.А. Дін істері комитетінің Дінтану сараптамасы басқармасының басшысы «Дінтану сараптамасы жат идеологиялардың алдын алу сүзгісі ретінде» атты мақаласы

Мырзаев Б.А.
Дін істері комитетінің
Дінтану сараптамасы
басқармасының басшысы

Дінтану сараптамасы

жат идеологиялардың алдын алу сүзгісі ретінде

Тәуелсіздік жылдары  Қазақстанда дінге деген қатынас елеулі өзгеріске ұшырады. Қазақстан азаматтарының, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың ел аумағына еркін кіріп-шығуы, мекенжайларын еркін алмастыра алуы және ақпараттық технологиялардың, байланыс құралдары мен интернеттің кеңінен таралуы республикада түрлі діни ағым идеяларының таралуына себеп болғаны жасырын емес.

Атап айтқанда, қазіргі күнде ел азаматтарының бір бөлігінің көзқарастарының радикалдану үдерісі байқалып, Қазақстан қоғамының рухани негіздеріне нұқсан келтіретін діни экстремизм фактілері орын ала бастауда.

Оның үстіне, өкінішке орай, жекелеген қазақстандықтардың халықаралық лаңкестік күштердің радикалды үндеулеріне елігіп, лаңкестік сипаттағы соғыс әрекеттеріне қатысу үшін түрлі жолдармен Сирия мен Ирактағы қарулы қақтығыстар аймағына кетуі орын алуда.

Осындай жағдайда мемлекет өз тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін жоғары деңгейде қорғай білуі керек екендігі анық болса, оның ішінде дін саласы ерекше назар салуды талап ететіні сөзсіз.

Ақпараттық тұрғыдан ашық заманымыздың маңызды  сындардың бірі - ол елімізде қалыптасқан рухани құндылықтарымызды сақтап қалу.

Кейбір теріс пиғылды тұлғалар дінді жамылып, діни сенім бостандығын өз мүдделеріне пайдаланып елімізде қалыптасқан ұстанымдар мен дәстүрлі рухани құндылықтарды әлсіретуге әрекет жасауда. Осы мақсатта теріс пиғылды субъектілер түрлі әдебиеттер мен ақпараттық материалдарды тарату үстінде. Олар осы бағытта пәрменді ақпараттық құрал ретінде Интернет жүйесін де өз мақсаттарына пайдалануда.

Осы ретте, елімізге сыналай еніп жатқан жат ағымдардың алдын алуда басқа да кешенді жұмыстардың қатарында дінтану сараптамасының тосқауыл қоюдағы маңызы зор. Яғни басқаша айтқанда дінтану сараптамасы халықтың рухани қауіпсіздігін сақтау мақсатында олардың санасын түрлі  жат идеологиялардан оқшаулауға бағытталған сүзгі болып табылады.

Дінтану сараптамасын жүргізу Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы негізінде және Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2014 жылығы  30 желтоқсандағы №162 бұйрығымен бекітілген Дінтану сараптамасын жүргізу қағидаларына сәйкес жүргізіліп келеді.

Дінтану сараптамасын жүргізудің стандарттары мен регламенттері, ұйымдастыру және жүргізу сатылары мен тетіктері қамтылған нормативтік құқықтық актілер қабылданды.

Олар:

1. Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 11 қазандағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы № 483-IV;

2. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрінің 2014 жылғы 30 желтоқсанда №162 бұйрығымен бекітілген «Дінтану сараптамасын жүргізу қағидалары»;

3. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылғы 23 сәуірдегі №147 «Діни қызмет саласындағы мемлекеттік қызметтерді бекіту туралы» бұйрығымен бекітілген Дінтану сараптамасын жүргізудің мемлекеттік стандарты.

«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 11 қазандағы Заңының 6-бабының                  1-тармағына сәйкес Уәкілетті орган келесі негіздер бойынша дінтану сараптамасын жүргізуді қамтамасыз етеді:

1) жеке және (немесе) заңды тұлғалардың уәкілетті органға өтініштері; 2) Қазақстан Республикасы ұйымдарының кітапхана қорларына, сондай-ақ уәкілетті органға діни әдебиеттің, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдардың келіп түсуі; 3) жеке тұлғалардың миссионер ретінде тіркеу және діни бірлестіктерді тіркеу туралы өтініші; 4) жеке өзі пайдалануға арналған материалдарды қоспағанда, діни мазмұндағы ақпараттық материалдардың әкелінуі; 5)  уәкілетті орган басшысының бұйрығы.

Дінтану сараптамасының объектілері діни бірлестіктердің құрылтай құжаттары, діни мазмұндағы құжаттар (діни бірлестіктердің құрылымын, діни ілімінің негіздерін, діни тәжірибесін айқындайтын құжаттар, сондай-ақ діни қызметтің нысандары мен әдістерін сипаттайтын құжаттар), діни білім беру бағдарламалары мен діни мазмұндағы ақпараттық материалдар мен әдебиет және діни мақсаттағы заттар болып табылады.

Сонымен қатар, интернет-ресурстарда орналастырылған діни материалдардың мазмұнында заң талаптарына қайшы мәтіндердің болып болмауына тексеру жүргізіледі. Интернет-ресурстарға орналастырылуы мүмкін діни мазмұндағы материалдарда экстремистік белгілерді айқындау мақсатымен жүйелі түрде мониторинг жүргізіліп отырады. Ондай материалдар табылған жағдайда, құзырлы мемлекеттік органдарға тиісті шешім қабылдау үшін жолданып отырады.

Заңының 6-бабының 3-тармағына сәйкес дінтану сараптамасын жүргізетін тұлғалар дінтану саласында арнайы білімі бар адамдар, қажет болған жағдайда мемлекеттік органдардың өкілдерін және өзге мамандарды тарту арқылы жүргізіледі.

Сарапшыға қойылатын сұрақтардың мазмұнын белгілеу дінтану сараптамасын жүргізуді қамтамасыз ететін мемлекеттік Уәкілетті орган тарапынан жүзеге асырылады. Сарапшыларға қойылатын сұрақтар тізбесі Уәкілетті орган басшысының Бұйрығымен бекітіледі. Сараптаманың әр объектісіне арнайы сұрақтар тізбесі жеке әзірленген.

Атап айтқанда, Діни бірлестіктердің құрылтай құжаттарына – Жарғыларға, діни кітапқа, діни мазмұндағы ақпараттық материалдарға дінтану сараптамасын жүргізу барысында қойылатын сұрақтар сараптама нысанының бағыттылығы (қысқаша мазмұны), қай дінге (конфессияға, діни ағымға) қатыстылығы, бұл қатыстылық қандай белгілерден танылатыны және сол дiннің Қазақстан қоғамындағы тарихи (мәдени, әлеуметтік) маңыздылығы және материалдың мазмұнында экстремизм белгілері бар ма жоқ  па, мазмұнында адамның әлеуметтік, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тiлдік қатыстылығына немесе дiнге қатынасына байланысты оның құқығын, бостандығы мен заңдық мүдделерін бұзуға шақыратын белгілер, материалдың мазмұнында заңмен белгіленген азаматтық міндеттерді орындаудан бас тартуға және басқа заңға қайшы әрекеттерге шақыратын үндеулер кездесіп кездеспейтіні зерттеледі.

Сондай ақ, мазмұнында зайырлы білім алудан, зайырлы мамандық игеруден, ақы төленетін еңбектен, дәрiгерлiк жәрдемнен бас тартуға жетелейтін идеялар бар ма? материалдың мазмұнында дiни ұстанымдар негізінде отбасының бұзылуына жетелейтін ой-пікірлер кездеседі ме, материалдың мазмұнында діни бірлестіктер мүшелерінің немесе келушілерінің өз иелігіндегі мүлкін діни бірлестіктердің пайдасына аударуға мәжбүр ететін үндеу белгілері бар ма? деген сұрақтарға жауап береді.

Дінтану сараптамасын жүргізу тәртібіне сәйкес сараптама Уәкілетті органға материалдардың келіп түскен уақытынан бастап отыз күнтізбелік күн ішінде жүргізіледі. Сараптама объектілері бойынша Уәкілетті орган сарапшыны (сарапшыларды), мемлекеттік органдардың өкілдері және басқа мамандарды тарту арқылы тағайындайды. Уәкілетті орган сарапшыға (сарапшыларға) объект бойынша сараптама жүргізу үшін сұрақтар тізбесін ұсынады. Сарапшыда (сарапшыларда) қолда бар объект бойынша материалдар толық болмаған жағдайда уәкiлеттi орган мүдделi дiни бiрлестiктерге, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарына, ұйымдар мен қоғамдық бiрлестiктерге, халықаралық ұйымдарға (Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлiгi арқылы) сұрау салулар жiберу арқылы қосымша материалдар мен ақпараттар алуға жәрдем көрсетедi. Сараптама нәтижелері бойынша оң немесе теріс сипаттағы сараптама қорытындысы дайындалады.

Сараптама қорытындысында сараптама объектісінің толық атауы, сараптама объектісінің діни қатыстылығы және сараптама объектісінің шығыс деректері көрсетіледі.

Егер сараптама объектісі діни мазмұндағы ақпараттық материал немесе діни әдебиет болған жағдайда – авторы, баспасы, шыққан жылы, беттер саны, объекті жазылған тіл, егер сараптама нысаны заңды тұлғаның (діни бірлестіктің) құрылтай құжаттары болған жағдайда – заңды мекен-жайы, құрылтай құжатының қабылданған уақыты, беттер саны, объекті жазылған тіл, егер сараптама объектісі діни оқу орындарының рухани (діни) білім беру бағдарламалары болған жағдайда объектінің беттер саны, объекті жазылған тіл көрсетіледі.

Жүргізілген дінтану сараптамасының қорытындысы негізінде Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес діни бірлестікті мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы тиісті шешім қабылдайды.

Жүргізілген дінтану сараптамасының қорытындысы негізінде Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының аумағында миссионерлік қызмет атқарушы Қазақстан Республикасының азаматтарын, шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғаларды миссионер ретінде тіркеу (қайта тіркеу) туралы тиісті шешім қабылдайды.

Дінтану сараптамасынан өткен әдебиеттер, діни мазмұндағы материалдар тізімі Уәкілетті органның ресми сайтында жарияланады – http://www.din.gov.kz.

Біздің тарапымыздан дінтану сараптамасы бағытында өте маңызды шаралар атқарылып отырғанын атап өту маңызды. Осы бағыттағы жүргізілген жұмыстарды тарқатып жазар болсақ келесідей мәліметтер ортаға шығады.

2014 жылы Дін істері комитетімен 3419 дінтану сараптамасы жүргізіліп, нәтижелері сұратқан тарапқа ресми хатпен жолданды. Атап айтқанда 2126 материалға оң қорытынды, 153 материалға теріс қорытынды берілді, 236 материал – діни емес мазмұнда, 900 материал  – шет тілінде, 4 материал – ақаулы деп танылды.

2015 жылы Басқармаға дінтану сараптамасын жүргізу үшін барлығы 2867 материал келіп түсіп, оның ішінде 2233 материалға оң қорытынды, 486 материалға теріс қорытынды берілген болса, 61 – діни емес мазмұнда, 87 – шет тілінде болды.

2016 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша 449 нысанға дінтану сараптамасы жүргізіліп, оның ішінде 412 материал – оң қорытынды, 20 – теріс, 15 – діни емес мазмұнда, 2 – шет тілінде болды.

Жалпы, 2011 жылы қабылданған қолданыстағы Заң шеңберінде  Дін істері комитетімен 28 мыңнан астам діни мазмұндағы материалдарға дінтану сараптамасын жүргізу қамтамасыз етілді.

Бүгінгі күні діни әдебиеттер мен діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды тек жергілікті ғибадат мекемелері мен атқарушы органдар тарапынан бекітілген арнайы стационарлық дүкендерде ғана таратуға болады.

Дiни әдебиеттерді және дiни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, дiни мақсаттағы заттарды таратуды ретке келтіру мақсатында жергілікті басқару органдарымен осы мақсаттағы үй-жайлардың орналасуын анықтайтын нормативті  актілер қабылданған.

 2016 жылғы 2- тоқсан бойынша діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тарату үшін арнайы стационарлық үй-жайлардың саны республика бойынша 257 құрайды.

Бүгінгі күні ғаламтор кеңістігінде радикалды көзқарастарды насихаттап, ел азаматтары тарапынан өз жақтастарын көбейтуге бағытталған, лаңкестер тарапынан кәсіби деңгейде қазақстандықтардың қатысуымен дайындалған бейнероликтер пайда болды.

Жоғарыда айтылған факторларды есепке ала отырып, дін саласындағы уәкілетті орган болып табылатын Комитет тарапынан интернет-ресурстарда орналасқан діни сипаттағы материалдардың мазмұнында заңнама талаптарын бұзушылыққа мониторинг жүргізу мен оған жол бермеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осы бағытта тұрақты түрде діни экстремизм мен терроризм идеяларын насихаттайтын діни мазмұндағы материалдарды анықтау мақсатында интернет-ресурстарға мониторинг жүргізілуде.

Талдау барысында заңға қайшы белгілер анықталған жағдайда Дін істері комитеті дінтану сараптамасын жүргізеді. Аталған бағыттағы жұмыстармен Дін істері комитетінің құрамындағы Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы, сондай-ақ Астана, Алматы қалалары мен облыстардың дін істері басқармалары тиісінше айналысуда. Осының нәтижесінде 2014 жылдың қаңтар-желтоқсан айлары арасында 8000 мыңнан астам интернет-сайттарға талдау жүргізіліп, олардың арасынан 244 интернет ресурстарының, сонымен қатар, танымал «www.youtube.cоm» вбейнехостингіндегі 102 бейнематериалдың мазмұнының заңға қайшы екендігі анықталды.

2015 жылында 6000 мыңнан астам интернет-ресурстарына талдау жүргізіліп, олардың арасынан 414 интернет ресурстарының мазмұнында заңға қайшы тұстары бар екендігі, ал 2016 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында 4020 интернет-ресурстарына талдау жүргізіліп, олардың арасынан 693 интернет ресурстарының мазмұнында заңға қайшы тұстары бар екендігі белгілі болды.

Сараптама қорытындылары белгіленген заң бұзушылықтарға сотқа дейін шаралар қабылдау шеңберінде жұмыс жүргізу бойынша, сондай-ақ, БАҚ өнімдерін сот тәртібімен заңсыз деп танып, олардың таралуына тыйым салу бойынша тиісті шараларды қабылдау үшін ҚР Байланыс және ақпарат министрлігінің Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетіне жолданады.

Қылмыстық атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) мекемелерін қоса есептегенде, еліміздің барлық кітапхана қорларына дінтану сараптамасы жүргізіліп, теріс мазмұндағы діни әдебиеттер кітапханалардан алынды, олардың қорлары біртіндеп рухани-өнегелік құндылықтарды насихаттайтын ақпараттық-ағартушылық бағыттағы материалдармен толықтырылуда.

Дінтану сараптамасының оң қорытындысын алған діни әдебиеттер тізімі кітапхана қорларына мониторинг жүргізу үшін жергілікті атқарушы органдар мен қылмыстық-атқару жүйесі органдарына жолданып отырады. Өз кезегінде, аталмыш органдар Министрлікке мониторинг қорытындылары мен қабылданған шаралар туралы есеп ұсынады.

Осы жұмыстардың арқасында  бүгінгі таңда тиісті сараптама және діни әдебиеттерді  тарату тәртібінің белгіленуі экстремистік сипаттағы ақпараттық материалдардың елімізге енуіне елеулі дәрежеде тосқауыл қойды деуге болады.

Басқарма тарапынан Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013 – 2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны іске асыру шеңберінде тұрғындардың діни сауатын арттыру мен руханилығын нығайту мақсатында жыл сайын 10 дана діни әдебиеттің дайындалуы және баспадан шығуы қамтамасыз етілуде.

Осыған қосымша, өңірлік дін істері басқармалары тарапынан дайындалған аудио видео өнімдер, әдістемелік құралдар мен бүктемелерге де Дінтану сараптамасы жүргізіліп, мұқият тексеріледі.  Оның қорытындысы бойынша әзірленетін діни материалдарды сапалық және мазмұндық жағынан жетілдіру бойынша ұсыныстар беріледі. Материалдардың идеологиялық бағыттарын дұрыстау бойынша ұсыныстар енгізіледі.

Аталмыш діни өнімдер ақпараттық-насихаттау жұмыстарында кеңінен пайдаланылатын болғандықтан мазмұнының мемлекеттің дін саласындағы саясатының талаптарына сәйкестендіріп отыруға маңыз беріледі. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының зайырлылық сипатын ескере отырып, шығарылған немесе түсірілген діни өнімдердің кейбіреулерін көпшілік тұрғындар арасында, кейбіреулерін мешіт жамағаты, радикалды экстремистік идеяларға бой алдырған топтар арасында көрсету туралы нақты бағыттары айқындалады.

Ел аумағына әкелінген діни әдебиеттерді кедендік бақылау органдары Министрлікке сараптамаға тұрақты түрде жолдап отырады. Әдебиеттер мемлекеттік және орыс тілінде болған жағдайда оларға дінтану сараптамасы жүргізіліп, барлық қорытындылар сұраныс беруші кедендік органға жолданады. Сараптама нәтижесінде теріс қорытынды берілген әдебиеттердің ел аумағына енгізілуіне тосқауыл қою шаралары аталған орган тарапынан жүзеге асырылады.

2016 жылы ел аумағына шет мемлекеттерден (Германия, АҚШ, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Түркия) әкелінген 26 атаудан тұратын 50 000 астам діни әдебиет еліміздің аумағына енгізілген. Оларға тиісті Дінтану сараптамасы жүргізілді. Қағиданың 4-бөлімі 8-тармағының 4-тармақшасына сәйкес, ұсынылған материал шет тілінде болған жағдайда, оның мемлекеттік не орыс тілдеріндегі нотариалды куәландырылған тең түпнұсқалы аудармасы беріледі. Аудармасы болмаған жағдайда олардың еліміздің аумағына енуіне тосқауыл қойылады.

Ел аумағына әкелінген діни әдебиеттерге дін саласы бойынша уәкілетті орган тарапынан облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктеріне қажетті нұсқаулар жолданып, бұл мәселе ұдайы үйлестіру жұмысына айналдырылған.

Жергілікті атқарушы органдарға әр жарты жыл сайын кітапхана қорындағы діни мазмұндағы әдебиеттерге талдау жүргізу бойынша ресми хат жолданып, қажетті  шаралар қабылдау талап етіледі. Осының негізінде Әкімдіктер тарапынан кітапханаларға тұрақты түрде мониторинг жұмыстарын жүргізу жалғасуда.

Министрлік және Әкімдік тарапынан тиісті түсіндіру шаралары жүргізіліп, оларда тұрақты үй-жайлар қызметінің заңға сәйкестігін бекіте түсу мақсатында дінтану сараптамасынан өткен нысандарды ғана таратудың жөн болып табылатынына назар аударылуда. Кітапхана қорларындағы барлық діни әдебиеттерге Заңға сәйкес, дінтану сараптамасы жүргізіліп, Министрлік және Әкімдіктермен тиісті түсіндіру шаралары атқарылып, дінтану сараптамасынан өткен нысандарды ғана қолдану жөн болып табылатынына басты назар аударылуда.

Дінтану сараптамасынан өтпеген материалдарды әкелу және тарату, сондай-ақ оны белгіленбеген орындарда тарату бойынша Министрлік және Құқық қорғау органдары мен Жергілікті әкімдіктер тарапынан тиісті түсіндіру шаралары жүргізілуде.

Министрліктің жүргізген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде Қазақстанда басылып шығарылатын діни мазмұндағы материалдарды дінтану сараптамасынан өткізу бойынша маманданған діни баспалармен жұмыс жолға қойылды. Қазір діни баспалар («Мұсылман», «Кәусар-саяхат», «Көкжиек-Б», «Шам Шариф», «Түркістан», «Хикмет», «Ғибрат», «ЭКСМО», «Ұлы мұра», т.б.) өз әдебиеттерін баспадан шығармас бұрын тұрақты түрде дінтану сараптамасына жолдап отырады. Баспалар тарапынан заң талаптарын сақтамау фактілері орын алған жағдайда Министрлік тарапынан оларға ескерту хат жолданады. Тұрақты үй-жайлар қызметінің заңға сәйкестігі, олардағы діни нысандар саны, олардың дінтану сараптамасынан өткен-өтпегендігі туралы мәліметтер жергілікті атқарушы органдардың есептерінде қамтылады.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі № 235-V ҚРЗ «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің «Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзу туралы» 490-бабының 1-ші бөлігінің 3-ші тармақшасына сәйкес «діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де материалдарды, діни мақсаттағы заттарды әкелуге, шығаруға, басып шығаруға және (немесе) тарату» Қазақстан Республикасының заңнамаларымен анықталған талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке әкеліп соғады деп көрсетілген.

Сондай ақ, осы Кодекстің 490-бабының 3-ші бөлігіне сәйкес, миссионерлiк қызметтi тіркеусіз (қайта тіркеусіз) жүзеге асыру, сол сияқты миссионерлердің дінтану сараптамасының оң қорытындысы жоқ діни әдебиетті, діни мазмұндағы ақпараттық материалдарды және діни мақсаттағы заттарды пайдалануы, Қазақстан Республикасында тіркелмеген діни бірлестіктердің діни ілімді таратуына әкімшілік жауапкершілік белгіленген.

Дінтану сараптамасының теріс қорытындысы берілген әдебиеттердің ел аумағына таралуына жол бермеу мақсатында төмендегі бағыттарда тиісті шаралар атқарылуда.

1. Құқық қорғау органдары тарапынан жолданған нысандарға дінтану сараптамасының теріс қорытындысы берілген жағдайда, аталған органдарға ілеспе хатпен бірге сараптама көшірмесі жолданады. Бұл оларға дәлелді негіздемелермен дәйектелген дінтану сараптамасының қорытындысын ары қарайғы процессуалдық шешім қабылдау барысында тиімді түрде пайдалануға мүмкіндік береді.

2. Баспалар тарапынан кітап немесе қолжазба түрінде сараптамаға жолданған нысандарға Министрлік тарапынан теріс қорытынды берілген жағдайда, бұл факті діни әдебиетті әрі қарай басып шығаруға, көбейтіп таратуға мүмкіндік берілмейтіндігі туралы ресми хат жолданады.

3. Әділет министрлігіне авторлық құқықты бекіту мақсатында жолданған діни мазмұндағы туындыларға Министрлік тарапынан дінтану сараптамасын жүргізу қамтамасыз етіледі. Діни туындыға теріс қорытынды берілген жағдайда, осы қорытынды негізінде Әділет министрлігі тарапынан тиісті ескертулер беріліп, туынды авторға тіркеусіз қайтарылады.

4. Жергілікті жерлерде діни әдебиетті, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тарату үшін арнайы тұрақты үй-жайларда таратылатын/сатылатын әдебиеттердің діни бағыты, жарық көрген баспасы, Қазақстанның аумағына сырттан әкелінуі туралы есеп күйіндегі мәлімет құзыретті жергілікті атқарушы органдардан уақытылы сұратылып, қандай да бір заң бұзушылықтар орын алған жағдайда тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Әрине жұмыстар осымен ғана тоқтап қалмайды. Дінтану сараптамасын жүргізуді жетілдіру жұмыстары  ұдайы атқарылып жатады. Дінтану сараптамасы қорытындыларының сапасын талқылау бойынша Дін істері комитетінің Ғылыми-зерттеу және талдау орталығы және Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының сарапшыларымен дөңгелек үстелдер, отырыстар ұйымдастырылады.

«Дінтану сараптамасын жүргізу» және «Діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тарату үшін арнайы тұрақты үй-жайлардың орналасатын жерін бекіту туралы шешім беру» мемлекеттік қызметтерінің көрсетілу тәртібін түсіндіру мақсатында мемлекеттік қызметті алушылармен іс-шаралар (кездесулер, семинарлар, дөңгелек үстелдер, отырыстар) өткізіліп тұрады.

Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот сараптамасы орталығымен «Сот психологиялық-филологиялық және дінтанушылық сараптамаларын жүргізудің өзекті мәселелері» тақырыбында тәжірибелер алмасу дәстүрге айналды.

Қорыта айтқанда дін саласының спецификалық ерекшелігіне орай дінтану сараптамасы мәселесі қашан да өзекті болып қала береді. Жат пиғылды діни ағымдардың діни өнімдеріне  тосқауыл қою арқылы теріс діни идеологияның таралуына жол бермеу үшін дінтану сараптамасын жүргізу үдерісі үнемі жетілдіріліп отырады.

.