Шрифт өлшемі:
A A A
Сайт түстері:
A A A
Әдеттегі болжам
Шрифт көлемі: A A A
Сайт түстері: A A A

Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі

"Қазақстан – біртұтас жер, біртұтас халық, біртұтас болашақ. Мен барша қазақстандықтарды ұлтаралық және конфессияаралық келісімді одан әрі нығайтуға шақырамын. Олар біздің мәңгілік құндылықтарымыз. Осынау бұлжымас ақиқатты сақтай отырып қана, біз мәңгілік халық, мәңгілік елорда және мәңгілік мемлекет туралы айта аламыз."
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Жолдауы

«Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру

16 ақпан 2013

Ағымдағы жылдың 14-15 ақпан аралығында Дін істері агенттігінің Төрағасы Қайрат Лама Шариф Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан - 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттарын насихаттау мақсатында құрылған республикалық-ақпараттық насихат тобының жетекшісі ретінде Солтүстік Қазақстан облысында 4 кездесу өткізді.

Жалпы алғанда жиындарға 500-ге тарта адам қатысты.

Атап айтсақ, Солтүстік Қазақстан облысы активімен жиын өтті. Осы шараның барысында Агенттік Төрағасы Қайрат Лама Шариф Жолдаудың басты бағыттарын кеңінен әңгімеледі. Өз баяндамасында алдыңғы «Қазақстан-2030» Стратегиясы тәуелсіздіктің тұғырын бекітіп, мемлекеттілікті нығайтудың, бірнеше ондаған жылға болашақты болжап, соған сәйкес әрекет етудің нағыз мектебі болғанын ерекше атап өтті.     2012 жылы Қазақстан дүниежүзілік рейтингінде бәсекелестікке қабілеттілігі жөнінен 51-ші орынды иеленгенін жеткізіп, осы көрсеткіш халықтың жағдайына оң әсер еткеніне тоқталды.

Енді Агенттіктің жұмысы Елбасының кезекті Жолдауын орындауға бағытталатынын қадап айтты. Мәселен, ең бастысы діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес жүргізіліп, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің жиынының 10 жылдығын тойлау аясында өткізілетін шаралар жоғары дәрежеде ұйымдастырылатынын, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның орындалуына қатысты қатаң қадағалау жүргізілетінін және т.б. шаралар жайлы хабардар етті.

Мұнан соң Қазақстан Халқының Ассамблеясы этномәдени бірлестіктерінің өкілдерімен өткен жиынға қатысты. Басқосуда Қайрат Лама Шариф Елбасының Жолдауын кеңінен түсіндірді. Бұл жиында өңірде тіркеуден өтпеген татар-башқұрт мешіті төңірегінде де әңгіме қозғалды. «Дуслык» татар-башқұр қоғамдық орталығының Төрағасы Салимов Наиль Камильевич аталмыш мешіттің ҚМДБ құрамында болып, тіркелуін қолдайтынын айтты. Дөңгелек үстел барысында бірқатар сөз сөйлеген ассамблея мүшелері өңірлерінде барлық дін және ұлт өкілдері сыйластықта өмір сүріп жатқандарын білдірді.

Осы кездесуден кейін Агенттік Төрағасы Қайрат Лама Шариф Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданына жол тартты. Ең әуелі аудандағы түрлі ұлт өкілдерінің мәдени орталықтарында болып, аудандағы халықтар арасындағы достыққа куә болды және орталық мүшелерін Петропавл қаласында осы жылдың 6-қыркүйегінде өткізілетін «Дін және патриотизм» атты конференцияға белсене қатысуға шақырды.

Осыдан кейін Агенттік Төрағасы аудан мешітіне барып, имамдар және ауыл ақсақалдарымен кездесті. Қайрат Лама Шариф имамдар мен ақсақалдарға жастармен тығыз жұмыс істеуге шақырды. Жас ұрпақтың дұрыс жолда тәрбиеленуі үшін жастайынан ертегілер айтып, қазақтың салт-дәстүріне қатысты әңгімелерді көбірек айтуды кеңес етті. Ал, имамдарға біліктіліктерін арттырып, уағызды тартымды және пайдалы етіп жүргізу үшін, көбірек ізденіп, тың дүниелерді тауып қолдануға шақырды. Өз кезегінде имамдар жағдайларының төмен екенін, жалақының аздығын айтып мұң шақты. Алайда Агенттік Төрағасы біз зайырлы мемлекет болғандықтан, діни бірлестіктердің жұмысына араласа алмайтынын жеткізіп, мәселелері бойынша ҚМДБ-ға хат жолдауларын кеңес етті.

Мұнан соң жергілікті қазақ мектебіндегі ауданның тарихынан сыр шертетін мұражайды аралап, аудан тұрғындарымен жиынға қатысты. Жиын барысында Жолдаудың негізгі бағыттарын түсіндіріп, әсіресе дінге қатысты айтылған тұстарына кеңінен тоқталды. Қыздарға «хиджап» ұғымын терең түсіндірді. Кейбір қыз келіншектердің бүркеніп киініп алуы, біздің салт-дәстүрімізге жат әрекет екенін айтып, қазақы болмысты сақтауды кеңес етті. Сондай-ақ осы бағытта алдағы уақытта Агенттікпен атқарылатын жұмыстардың бірқатарын жеткізді.

15-ақпанда Қайрат Лама Шариф Жолдауды түсіндіруді М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік университетінде жалғастырды. Жиында әсіресе Жолдаудағы Елбасының дінге қатысты айтқан тапсырмалары кеңінен талқыланды. Нақтырақ айтсақ, Агенттік төрағасы Елбасы тапсырмасына сай діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік бағдарлама әзірленіп жатқаны жайлы хабардар етті.

Студенттер тарапынан Қайрат Лама Шарифке сұрақтар көп қойылды. Жастарды әсіресе экстремистік ағымдардың пайда болу себебі және тіркеуден өтпеген діни бірлестіктердің болашағы алаңдатты. Агенттік Төрағасы теріс пиғылды ағымдардың шығу себебін, азаматтардың діни сауатсыздығымен байланыстыратынын айтып, қайта тіркеуден өтпеген бірлестіктердің қызметі заңға сай тоқтатылатынын жеткізді. Жалпы жиын жастардың көңілінен шыққанын, Қайрат Лама Шарифке айтып жатқан алғыстарынан аңғаруға болады. Көпшілігі мол мағлұмат алғанын айтып жатты.

Бұдан соң топ жетекшісі «Нұр Отан» ХДП обыстық бөлімшесінде жеке қабылдау өткізді. Алғашқы болып қабылдауға «Прозрение-Көз жету» ҚБ жетекшісі Доценко Максим Юрьевич келді. Ол өздерінің жасап жатқан жұмыстарымен таныстырды. Мемлекеттік тапсырыс бойынша ауқымды жобаларды іске асырып жатқандары жайлы хабардар етті. Өз кезегінде Агенттік Төрағасы, Максим Юрьевичті 6-қыркүйекте Петропал қаласында өткізілетін «Дін және патриотизм» атты конференцияға белсене қатысуға шақырды.

Келесі келген осы өңірдің тұрғыны, зейнеткер Қадырбаев Байкен қажы. Ол шығармашылықпен айналысып жатқанын жеткізіп, Солтүстік Қазақстан облысындағы діннің таралу тарихы туралы кітап жазғанын айтты. Енді осы жазған дүниесін басып шығару үшін көмек сұрады. Агенттік Төрағасы кітаптың электрондық нұсқасын сұрап, ҚМДБ арқылы туындыны жарыққа шығартуға қолдау көрсететінін уәде етті.

Қабылдауға Новопостол шіркеуінің епископы Ханаев Сергей Николаевичта келді. Ол өз әріптестерінің шетелден Қазақстанға келген кезде виза алу тәртібін жеңілдетуді сұрады. Өз кезегінде Агенттік Төрағасы осы өтінішті назарына алып, қарастырып, ресми түрде жауап беретінін айтты.

Келесі зейнеткер Айтқазина Алтынай қажы баспана сұрап келді. Ұзын сонар кезекте тұрғанын айтып, мәселесі шешілмей жатқанын жеткізді. Қайрат Лама Шариф толық аты-жөнін жазып алып, оның мәселесі жайлы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министріне қарастыру үшін хат жолдайтынын жеткізді.

Аймақ ақсақалдары Кенжебаев Сапар мен Абылқасымов Алдонғар «Береке» шағын ауданындағы мешіттің «Мұқсин» деген атауын молда болған қала тұрғыны Меңдіханов Мұхаметжан Меңдіханұлының атына өзгертуге қарсы болып, «Тәубә» деп өзгертуді ұсынғандарын айтып, алайда бұл бастамалары құптамағанын жеткізді. Соңында тіпті оларды аталмыш ақсақалдың балалары сотқа бергенін айтып келді. Қайрат Лама Шариф ең алдымен мемлекеттің діни бірлестіктер жұмысына араласпайтынын ескертіп, дегенмен сот шешіміне қатысты тиісті құжаттардың көшірмесін өзімен бірге алып, тиянақты түрде қарап, жауап беретінін айтты.

Зейнеткер Олжабаев Зейнолла Олжабайұлы жастардың патриоттық сезімдері жоқтығын айтып келді. Осы бағытта шаралар аз, сондықтан жастар қоғамға жат қылықтарға үйір болып жатқанын айтты. Өз кезегінде Агенттік Төрағасы ақсақалдардың өздерінде бүлдіршіндерге ертегі, салт-дәстүрді дәріптейтін әңгімелер айтпайтындарын тілге тиек етті. Бұл қордаланған мәселелердің бірі екенін түсіндіріп, жас ұрпақты тәрбиелеу жұмыстарына қариялардың да белсенді түрде қатысуын кеңес етті.

Абдуллаев Фамил Ханыш Оглы жұмысшылар кентінде мешіт салу туралы жоспарымен таныстырды. Жер бар, қаражат бар екенін жеткізді. Ал Қайрат Лама Шариф алла үйінің құрылысын бастамас бұрын, еліміздің заңдарымен тереңірек танысуды және діни ғимараттарды салу жөніндегі Үкімет қаулысын қарап, келешекте мешіттің бос болмауын қазірден бастап ойлануды, сонымен қатар, осыдан бастап білікті имамды тиісті оқу орынды оқытып алу жайында кеңес берді.

Қоғамдық қабылдауға келгендердің барлығының сұрақтарына жауап беріліп, тілектері назарға алынды. ҚР Дін істері агенттігі өз құзыреті шегінде аталмыш мәселелерге байланысты көмектесетін болады.

Елбасы Жолдауын насихаттауға байланысты өткен жиындардың барлығы жергілікті және республикалық БАҚ-да жарияланып отырды.

Дін істері агенттігі Төрағасы Қайрат Лама Шарифтің жетекшілігімен өткен республикалық-ақпараттық насихат тобының барлық мүшелері кестеге сай тиісті мекемелерде кездесулер өткізді. 

.